Түркістан қаласы: Шаһардағы өзекті мәселелер қала әкімінің тұрақты бақылауында

Oinet.kz 10-11-2025 2

_gluster_2025_5_29_2df531376ac4f3f0a5cf661f38912613_original.20101.jpg

Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, санитарлық тазалық, жол сапасын арттыру, көшелерді жарықтандыру, су және кәріз жүйелерін жақсарту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесін жаңғырту бойынша қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен жиында қаралды. Онда бұған дейінгі қала басшысының тұрғындармен кездесуі кезінде айтылған өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысы талқыланды.

Мәселен, Шауғар секторында биыл 22 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал Бірлік секторында қоршаған ортаны ластау фактісімен 578 айыппұл рәсімделіп, оның 53-і бойынша ескерту жасалса, Яссы секторында тазалық және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 1205 айыппұл тіркеліп, 70 азаматқа ескерту берілген.

Бұдан бөлек, қала аумағында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала аумағында биылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетпек.

Бүгінгі таңда Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше бойында құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылмақ. Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі әзірленіп, 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған. Қала әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң бақылауда.

Ал көріктендіру, көгеріштендіру және абаттандыру бойынша Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласы аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. «SK GeoKart» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында Түркістан қаласын жерсінген көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ отырғызылуда. Тұқымбақ отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жұмыс сапары кезінде тұқымбаққа барып, өндірістік және агротехникалық процестермен танысқан болатын. Қала әкімі шаһар аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру үшін тұқымбақ мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша тұқымбақта біржылдық гүлдердің 700 мың түбі, жапырақты ағаш көшеттерінің 1 миллион түбі, қылқанжапырақты ағаш көшеттерінің 500 мың түбі өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері, әртүрлі бұталар және жапырақты-қылқанжапырақты ағаш түрлері өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылады.

Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы тазалық және абаттандыру, заңсыз әрі ретсіз жарнамаларды жою, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және салық өндіру бағытында атқарылған жұмыс барысын да тоқталды. Қала әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Кушенов қала аумағындағы заңсыз және ретсіз орналастырылған жарнамаларды анықтау және жою бағытында жүргізілген мониторинг қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, қасбеттерді ретке келтіруге қатысты жалпы жыл басынан бері 637 жарнама нысаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 35 нысан тіркеуге алынып, 602 заңсыз жарнама бөлшектеліп жойылған.

Сондай-ақ, тазалық пен қоғамдық тәртіп мәселелері бойынша Түркістан қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы А.Сапарбековтің мәлімдеуінше биылғы 10 ай 17 күнде қалалық аумақта 106931 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде қоғамдық тәртіпке қатысты 26192, жол қозғалысы ережелеріне байланысты 80739 жағдай тіркелген.

Тазалық бағытындағы нөлдік төзімділік қағидаты аясында 14150 құқық бұзушылық анықталып, қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидасын бұзу және жол жабындысын бүлдіру деректері бойынша айыппұлдар белгіленіп, басым бөлігі толық өндірілді. Қаланы қоқыстан қорғау мақсатында тәулік бойы жүргізілетін шолу жұмыстары нәтижесінде 12 құқық бұзушылық анықталып, кінәлі тұлғаларға заң аясында шара қолданылған.

Сонымен қатар «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында айыппұлдарды өндіру жұмыстары күшейтілгені атап өтілді. Жеке сот орындаушыларына 14963 хаттама жолданып, жұмыс орындары арқылы 71 қаулы орындалуда. Айыптұраққа 2965 автокөлік қойылып, өндірілмеген айыппұлдармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, жиында 12–14 қараша күндері 6-сектор аумағында өткен Отырар, Бекзат, Шауғар тұрғындарымен кездесудің қорытындысы да қаралды. Ұйымдастыру инспекторлық және аумақтық даму бөлімшесінің басшысы Е.Төрехан қала тұрғындары көтерген инфрақұрылым, абаттандыру, әлеуметтік қолдау және коммуналдық қызметтерге қатысты мәселелерді баяндап, олардың орындалуы бойынша баяндады.

Жиында қала басшысы сектор жетекшілеріне әрбір мәселені нақты мерзіммен шешуді, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуды, жол, жарық, су және кәріз жүйелеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттарды жедел әзірлеуді тапсырды.

Сарыағаш: Қалада 14 спорт алаңы салынуда
Түлкібас: Жаскешу, Балықты, Арыс және Машат ауылдық округтерінде атқарылған жұмыс көптің көңілінен ш
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу