Облыс әкімі инвесторлармен кездесті

Oinet.kz 24-11-2025 5

587190475_1167573698894863_5256369463692880688_n.jpg

Түркістанға инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысын «YDA Holding» компаниясы рекордтық қысқа мерзімде жүзеге асырған болатын. Сонымен қатар Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында «Керуен – Сарай» туристік кешені салынып, халық игілігіне берілді. Бұл нысандар өңірде туризм саласын дамытуға оң ықпалын тигізуде.

Одан бөлек, облыста үкіметаралық келісім негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, өңіріміздің 20 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.

Бұл ақпаратты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты, «АК» партиясының Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршадпен кездескенде айтты. Ол кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты талқылап, әріптестікті нығайту жолдарын қарастырды. Жалпы екі ел арасында өзара тауар айналымы 2024 жылы 5 миллиард АҚШ долларына жетсе, оның ішінде, Түркістан облысымен тауар айналымы 87,5 миллион АҚШ долларын құраған. Экспорт 51,2 миллион АҚШ долларын құраса, импорт – 36,3 миллион АҚШ доллары болып қалыптасты.

Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңдігіне тоқталып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әрқашан қолдау болатынын жеткізді.

– Осы кездесу екі ел арасындағы достық қарымқатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Біздің ортақ тіліміз бен тарихымыз бар. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, қолдау көрсеткен –Түркия елі. Сондықтан, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым–қатынас ерекше екенін атап өткім келеді. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының елшілігі алғаш рет 1992 жылдың қазан айында Анкара қаласында ашылды. Түркия елі – еліміздің ең сенімді және ірі сауда әріптесі. Түрік инвесторларының біздің облысымызда инвестициялық жобаларын жүзеге асыруына жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Ал Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастық байланыстар жаңа деңгейге көтерілгенін тілге тиек етіп, ынтымақтастық екі ел үшін де жемісті болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ облыс әкімі Нұралхан Көшеров тағы бір инвестормен кездесіп, энергия тиімділігін арттыру мақсатында Сауран ауданында жаңа салынғалы отырған 300 мегаватты күн электр станциясының жобасы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтовты қабылдады. Аталған жобаның жобалық құны 317 миллион АҚШ долларын құрайды. Кездесу барысында тараптар жаңа күн электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылап, жаңартылатын энергия көздері мүмкіндіктерін қарап шықты. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров жаңа жобаның маңыздылығына тоқталып, акционерлік қоғамның облыстың энергиялық қауіпсіздігін арттыруға қосып жатқан үлесі үшін алғыс білдірді.

– Түркістан – тек тарихи мұра ғана емес, бүгінде жаңа даму кезеңіне қадам басқан, инфрақұрылымды дамыған аймақ. Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы – біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Электр желілерін жаңғырту, қосымша қуат көздерін енгізу, сондай-ақ жаңартылатын энергия бойынша жаңа жобаларды іске асыру – өңірдің тұрақты дамуының негізгі кепілі. Бүгінгі басқосуымыздың маңыздылығы өте жоғары. Осы бағытта жүзеге асып жатқан ең ауқымды жобалардың бірі күн электр станциясы. Бүгінде аталған жоба бойынша барлық негізгі дайындық процестері толық аяқталды. Бұл жоба өңіріміз үшін аса маңызды. Станция іске қосылғаннан кейін Түркістан облысының энергетикалық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, елдегі жаңартылатын энергия үлесін ұлғайтуға да айтарлықтай үлес қосады. Біз тығыз әріптестікті жалғастыруға дайынбыз және ортақ үлкен нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз. Біздің облысымызда алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенімізді жеткізгім келеді. – деді облыс басшысы. 

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізіп, бұл жобаның сәтті жүзеге асуына сенім білдірді.

Ордабасы: Генератор жабдықтарын өндіру жобасы қолдау тапты
Түркістан облысында 34 медициналық нысан жыл соңына дейін тапсырылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу