Түркістан облысында 34 медициналық нысан жыл соңына дейін тапсырылады

Oinet.kz 23-11-2025 3

фото-6-13-367x245.jpg

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтың айтуынша, салада өткен 10 айда көп жұмыс атқарылған. Бірінші кезекте ел азаматтарының сапалы медициналық көмек алуына мән берілсе, екіншіден нысандардың материалдық тұрғыдан замат талабына сай жабдықталуына көңіл бөлініп отыр.

Атап айтар болсақ, биыл амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлініп, 300 мыңдай науқас дәрілік заттармен қамтылған. Жергілікті бюджеттен орфан ауруларына шалдыққан 264 науқасты қамтамасыз етуге 4,6 миллиард теңге қаралған. Сондай-ақ медициналық мекемелерге арналған дайын ғимараттар сатып алу жұмыстары да талапқа сай атқарылуда.

Мәселен, 2025 жылы дайын ғимараттарды сатып алу механизмі арқылы 34 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін тапсырылу жоспарланған. 6 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кентау қалалық ауруханасының жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханаларда жөндеу толығымен біткен. Түркістанда салынған көпбейінді аурухана құрылысы ерекше назарда.

– Ауылды жерлердегі ауруханаларға заманауи техникалар сатып алынды. Сонымен қатар онкологиялық қызметті жақсарту үшін 11 түрлі диагностикалық жабдық жеткізілді. PACS жүйесін енгізу арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы іске асуда. Бұл жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласты. Оның 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген. Жалпы биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 40,3 миллиард теңге қарастырылды, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.

Осы жұмыстардың аясында облыстағы денсаулық саласында сырқаттардың алдын алу жұмыстарында ілгерілеу байқалады. Өткен 10 айдың қорытындысына қарайтын болсақ, Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6 пайызға, ал бала өлімі 14,1  пайызға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.

Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген  ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.

Бұл көрсеткіштер, 10 айда атқарылған жұмыстар облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев баяндауында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте де айтылып, талқыланған болатын. Облыс әкімі саланы дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Медицина саласындағы барлық шаралар халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс екенін айтты. Инфрақұрылымның жаңаруы, цифрландыру, жоғары технологияларды енгізу үдерісін жалғастыруды, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтуді тапсырды.

– Біз үшін ең бастысы – тұрғындарға сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Әрбір отбасы мен әрбір бала денсаулығы біздің назарымызда. Медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар нақты және жүйелі түрде орындалуы керек. Жоғары технологиялық жабдықтар енгізу, кадрларды тарту және сапалы дәрігерлік көрсету арқылы біз тұрғындарға сенімді әрі тиімді қызмет ұсына аламыз. Барлық шаралардың басты мақсаты – Түркістан облысын денсаулық сақтау саласында заманауи, жетілдірілген аймаққа айналдыру, – деді Н. Көшеров.

Облыс әкімі инвесторлармен кездесті
Сарыағаш: Құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу