Созақ: Өңірде жүзеге асырылған жаңа жобалар көп

Oinet.kz 24-11-2025 3

587882155_2037382047010068_161592606420036104_n.jpg        Созақ ауданында ел игілігіне беріліп жатқан жобалар көп. Оның игілігін аудан тұрғындары көруде. Атап айтсақ, әлеуметтік сала, инженерлік-инфрақұрылым, таза ауыз су, табиғи газ, көлік-логистикасы және де спорт кешендері мен белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.

Мәселен, жуырда аудан орталығында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Заманауи талапқа сай салынып, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысан тұрғындар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, оның қоғамдағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да алаңның табысты қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.

Бұл жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырған болатын. Нысанның жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайды.

Ал ауданның көлік-логистикасы бойынша айтар болсақ, өңірде 80 шақырымнан аса ішкі жол жаңғыртылған. Жалпы биыл ауданда ішкі жолдардың сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Бүгінде жол құрылысына аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, нәтижесінде жалпы ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше жаңғыртылып, толық асфальтталды. Жоба шеңберінде салынған жолдар ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетіп, қатынасты жақсартуға бағытталды.

Атап өтерлігі, өткен жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 26,1 шақырым жол жаңартылған болатын. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 21,2 шақырымды қамтитын 18 көшеге асфальт төселіп, жол негізі нығайтылған. Жалпы алғанда, соңғы жылдарда жүргізілген жұмыстар ауылдардың ішкі инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырды.

Сондай-ақ ауданда халықтың өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайтын маңызды жоба іске асырылды. Атап айтсақ, Созақ ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ашыллды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа әлеуметтік нысан зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Мұнда бір мезетте 30-ға дейін адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Созақ ауылына жақын аумақта орналасқан ауыл қариялары да қызмет алуға болады. Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс алаңдары, массаж кабинеті, бильярд пен шахмат ойнауға арналған бөлмелер қарастырылған. Барлық жағдайлар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

– Ауданымызда жаңа ашылып отырған бұл орталық елді мекен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайтын маңызды жоба. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады, – деді аудан басшысы.

Осы бір орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев орталықтың әлеуметтік маңызын жоғары бағалаған болатын. Сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, Созақ ауылының қариясы Мұрат Жақсыбаев та мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар үшін тұрғындар атынан алғыстарын жеткізіп, осындай орталықтар ұлт саулығын арттыруға сеп боларына сенім білдірді.

Сарыағаш: Құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес жүргізілуде
Сарыағаш: Ауданда атқарылып жақтан құрылыс жұмыстарының барысы қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу