Сарыағаш: Ауданда атқарылып жақтан құрылыс жұмыстарының барысы қаралды

Oinet.kz 15-11-2025 3

_gluster_2025_11_22_b58ce04575a8d5f7092fbd53c6eac6e8_1280x720.JPG

Сарыағаш ауданында инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандағы осы жұмысардың барысымен танысу үшін Сарыағашқа Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы келіп, бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі ахуалымен танысты.

Жұмыс сапары аясында облыс басшысының бірінші орынбасары аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге алдымен Сарыағаш қаласындағы Шәмші Қалдаяқов гүлзары көшесінде орналасқан №3 жатақхана аумағында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Биыл №3а жатақханадағы әжетханалар толық жөндеуден өткізіліп, жаңа қоқыс алаңы салынды. Сонымен қатар Ш.Қалдаяқов гүлзары бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге кәріз жүйесін тарту жұмыстары жалғасуда. Аудан  бюджеті есебінен жүргізіліп жатқан бұл жоба аясында пәтерлерге толық кәріз жүйесі енгізіліп, жинақтаушы құбырлар орнатылуда. Нысан Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Сарыағаш қызмет» КММ теңгерімінде.

Зұлпыхар Жолдасов бұдан кейін Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» кеден бекетінің де жұмысымен танысты. Кеден бекеті аумағын дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау және өткізу мүмкіндігін арттыру мәселелерін Арман Абдуллаевпен және тиісті сала басшыларымен талқылады. Аралау кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары автобустардың кезексіз өтуін ұйымдастыру, жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ өткізу пунктінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.  «Қапланбек» кеден бекеті 2022 жылдың желтоқсан айында қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты уақытша жабылған болатын. Күрделі жөндеу 2024 жылы аяқталып, Қазақстан және Өзбекстан тараптары «Қапланбек» және «Навои» өткізу бекеттерін бір мезгілде жаңғырту жұмыстарынан өткізді. Нәтижесінде, 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап «Қапланбек» бекеті қайта пайдалануға берілген.

Жаңғыртылған өткізу пункті халықаралық талаптарға сай толықтай жабдықталған. Бекетте заманауи технологиялар орнатылып, екі бағытта 16 паспорттық бақылау кабинесі іске қосылған. Жолаушылардың шекарадан өтуін жеңілдету үшін барлық жағдай жасалып, көлік қозғалысының барлық циклі толық автоматтандырылды. Сапардың келесі бағыты Самал-3 шағын ауданын таза ауыз сумен қамту жобасы болды. Зұлпыхар Жолдасов құрылыс барысын тексеріп, жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы орындауды тапсырды.

Самал-3 шағын ауданын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы 2025 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы – 166525 метр. Нысанның құрылысын «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» анциясы аясында ауданындағы «Айырылмас» этно-мәдени саябағында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты. Бұл сенбілікке сондай-ақ Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Жәнібек Сүлейменов, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев,  студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.

Сенбіліктің негізгі мақсаты – аумақты көгалдандыру, көшелер мен саябақтарды, арықтарды және демалыс орындарын қоқыстан тазарту, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техникалар жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы және оған қарасты 13 ауылдық округте республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, ішкі көшелер мен қоғамдық орындарда кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, арамшөптер шабылды, қураған ағаштардың бұтақтары кесілді. Арық-атыздар тазартылып, саябақтар мен скверлер ретке келтірілді. Жасыл желекті көбейту мақсатында қосымша ағаштар егілді.

– Бүгін бізді біріктіріп тұрған – қоғамның белсенділігі. Әрбір тұрғынның ықыласы мен еңбегі ауданымыздың келбетіне қосылған нақты үлес. Табиғат – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сарыағаш – табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан тазалықты сақтау – өңіріміздің көркін арттыру, болашақ ұрпаққа үлгі болу. Баршаңызды тек сенбіліктерде ғана емес, күнделікті өмірде де тазалыққа мән беруге, қалдықтарды сұрыптауға және қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырамын. Біріккен еңбек қана үлкен нәтижеге жеткізеді. Бүгінгі сенбілік Сарыағаш ауданын одан әрі көркейтіп, жайлы болуына ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға еңбектері үшін алғыс айтамын. Ортақ үйіміз – Қазақстанды таза ұстайық, – деді облыс басшысының бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Аталған сенбілік барысында 11 мыңға жуық ағаш көшеттері таратылып, қатысушылар тарапынан отырғызылды. Сонымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 1000-ға жуық қап, қолғап, тырма, күрек секілді құрал-жабдықтар берілді. Аудан бойынша 3000-нан астам тұрғын сенбілікке белсене қатысып, қоршаған ортаны абаттандыру мен тазартуға үлес қосты.

Созақ: Өңірде жүзеге асырылған жаңа жобалар көп
Жетісай: Әкімдікте сұйытылған газ тапшылығын жою, жол-көлік оқиғасы мен өрт қауіпсіздігінің алдын ал
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу