Сайрам: Ауданның инфрақұрылымы жақсарып, Көлкенті көгілдір отынға қосылды

Oinet.kz 19-11-2025 3

a24d072b98cb17e16294a199d5ac0299.jpg

Сайрам ауданының инфрақұрылымы жақсарып, көгілдір отынмен, электр қуатымен және жайлы автомобиль жолымен қамтылған елді мекен саны артып келеді. Мәселен, бүгінгі күні Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылған. Жалпы ауданда табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 88 пайызды құрап отыр.

Енді, міне, жуырда ауданға қарасты Көлкент елді мекені табиғи газбен қамтылды. Жаңа нысанды іске қосу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөліскен еді.

– Ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Көлкент ауылындағы газ желілерінің құрылысы аяқталып, 3 мыңға жуық абонент көгілдір отынмен қамтылуда. Бұл – әр отбасының тұрмысына жайлы жағдай жасай отырып, экологиялық ахуалды да жақсартатын үлкен қадам. Оған қоса, көлкенттіктер өте еңбекқор екенін қоғам біледі. Ал көгілдір отын осы іскер тұрғындарға оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына да үлкен үлес қосатыны анық. Бүгінде Сайрам ауданында 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 88 пайызға жетті. Жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізілетін болады, – дейді Нұралхан Оралбайұлы.  

 Жалпы облыста елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2025 жылы 80 жобаға қаржы қаралған. Ал биыл 46 жобаның құрылысы аяқталса, 34 жоба келесі жылға өтпелі. Бүгінгі күні жоспарланған 46 нысанның 37-сі пайдалануға берілген. Ал, қалған 9 нысан жыл соңына дейін толығымен аяқталып, іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде жыл қорытындысымен қосымша 43 елді мекен немесе 73 мың тұрғын газбен қамтылмақ. Осылайша, облыстағы газдандыру деңгейі 75 пайызға жеткізіледі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде.

Бұдан бөлек ауданда электр желілері жаңартылуда. Атап айтсақ, қазіргі уақытта Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендер электр қуатымен қамтылған. Дегенмен, электр желілері мен бағаналарының тозу деңгейі 40 пайызды құрайды. Осы мәселені шешу мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Сайрам ауданын электр қуатымен қамту деңгейін арттыру және желілерді жаңарту мақсатында 9 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынған. Ал бүгінгі күні Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендері мен Қожақорғанның 34 гектар аумағындағы электр желілерінің құрылысы биыл толық аяқталды. Нәтижесінде 2663 тұрғын үй сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтылып отыр. Құрылыс жұмысы кезінде 37 трансформатор орнатылып, 117,8 шақырым электр желілері тартылды, сондай-ақ 4160 электр бағаналары жаңадан орнатылған.

Ал жол құрылысы бойынша айтсақ, бүгінгі күні Сайрам ауданы әкімі Мадияр Оразалиевтің тапсырмасына сәйкес, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Сағынтаев және Хамза көшелерін жамау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, ауданда тағы бір ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жоба Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады деген сенімдеміз. Аталған жоба Кайнарбұлақ ауылдық округінде жүзеге асырылады деп күтілуде. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден асатын бұл бастама аясында заманауи көпфункционалды қойма кешені салу жоспарлануда. Кешен құрамында қойма алаңдары, өндіріс цехтары, автосервис, кафе, қонақ үй және 3 гектарлық тир-парк болады. Инвестициялық бастама жүзеге асқанда 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарлануда.

Жетісай: Әкімдікте сұйытылған газ тапшылығын жою, жол-көлік оқиғасы мен өрт қауіпсіздігінің алдын ал
Бәйдібек: Ауданда 50 мегаватты күн электр станциясы жобасы жүзеге асырылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу