Кентау қаласында мемлекеттік грантпен жұмыс бастағандар көбейе түсті

Oinet.kz 20-11-2025 5

2023_07_28_kolladg-dgiqaz.jpg            Кентау қаласында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекет тарапынан берілетін гранттар екі лек бойынша қаралып, жалпы 89 азаматтың жобасы комиссия шешімімен мақұлданған. Бұл – қалада шағын және орта бизнестің дамуына берілген нақты серпін.

Жалпы қалада 2025 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, Кентау қаласында 2000-нан аса жұмыссыз азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген болатын. Бүгінгі таңда олардың 1057-сі жұмыспен қамтылып үлгерді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы аясында қалада 1000 жұмыс орнын ашу жоспарланса, жеке бастамалардың нәтижесінде барлығы 1270 жаңа жұмыс орны құрылған.

Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі екенін аңғартады. Гранттар, жеңілдетілген бағдарламалар және жұмыспен қамту шаралары кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Осы қолдаудың аясында қайтарымсыз грант иеленген бірі – Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы әке Жанболат Үтепбаев. Ол мемлекеттік қайтарымсыз грант бағдарламасы аясында өз жобасын сәтті қорғап, табысты кәсіпкер атанған. Ол «Жиһаз өндірісі» жобасын комиссия алдында таныстырып, кәсібінің болашағын жан-жақты дәлелдеген. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, көп жылғы тәжірибесін кәсіби деңгейде іске асыра бастаған.

– Жиһаз дайындау саласында жүргеніме 15 жылдан асты. Әр бұйым - шеберлік пен жауапкершілікті талап етеді. Грант маған жаңа мүмкіндік берді. Енді кәсібімді кеңейтіп, халыққа сапалы өнім ұсынуды жалғастырамын, – дейді кәсіпкер.

Бүгінгі күні Жанболат өз ісін дөңгелетіп, тұрғындарға сапалы әрі заманауи жиһаз түрлерін ұсынып қана қоймай, еңбекқорлығы және табандылығымен көпшілікке үлгі болып жүр. Оның кәсібі – отбасына тұрақты табыс көзі, қала экономикасына қосылған үлес.

Ал қайтарымсыз грант иеленген келесі Кентау қаласының тұрғыны Адай Марияш. Ол 2025 жылы Мемлекеттік гранттың алғашқы легінде жеңімпаз атанып, өз кәсібін бастауға зор мүмкіндік алды. Бір жарым миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант оған көптен бері жоспарлап жүрген тігін ісін жолға қоюға жол ашты. Алынған қаражатқа Марияш арнайы тігін машиналарын сатып алып, бүгінгі таңда қыз жасауы мен әртүрлі арнайы киімдер тігуді қарқынды түрде жүргізіп келеді. Өз ісіне деген қызығушылығы мен талабы оның кәсібін алға жетелеп, нәтижесінде алғашқы тапсырыс берушілері де көбейе түскен.

Марияштың мақсаты – тек жеке табыс табу емес, болашақта кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашу. Ол алдағы жылдары қол астына тігін мамандарын алып, өндіріс ауқымын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл оның жеке табысын ғана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосарына сөзсіз.

Адай Марияштың мысалы – еңбекқорлық пен ерік-жігердің, мемлекеттік қолдаудың дұрыс пайдаланылғанының айқын көрінісі. Осындай жас кәсіпкерлер көбейген сайын, Кентау қаласының да экономикасы дамып, жаңа жұмыс орындары ашыла беретіні анық.

Шардара: Ауданда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда
Төлеби ауданында жаңа спорт кешендері көптеп салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу