Төлеби ауданында жаңа спорт кешендері көптеп салынуда

Oinet.kz 20-11-2025 4

_gluster_2025_10_10_c753498d6961619767db847e1d419961_original.19182.jpg

Төлеби ауданында 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде, 1 «Жастық» стадионы, 1 тау шаңғы базасы, 2 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 1 «Бәйшешек» оқу-жаттығу орталығы, 88 спорт залы, 5 ату тирі, 7 спорттық манеж, 109 жазықтық алаңша, 7 бейімделген спорт зал бар. Сондай-ақ ауданында бұқаралық спорт жылдан жылға дамып келеді. Бүгінде 51 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады, бұл аудан халқының 42 пайызын құрайды.

Жақында ауданға қарасты Киелітас ауылдық округінде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталып, оның іргетасына уақыт капсуласы қойылып, алғашқы қазығы қағылды. Игі шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов және «Шымкентцемент» компаниясының басшысы Иван Пак, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Жаңа спорт кешені жастардың дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға және дарынды спортшыларды тәрбиелеуге ықпал ететін әлеуметтік маңызы жоғары орталық ретінде қарастырылуда. Аудан басшылығының айтуынша, мұндай нысандардың салынуы ауыл жастарының үлкен спортқа жол ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдімекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз сөзінде спорт кешенінің маңыздылығына тоқталып: «Біз бүгін бір ғана ғимараттың құрылысын бастап тұрған жоқпыз. Бұл – болашаққа деген сенімнің, жастарға қамқорлықтың, ұрпаққа қалатын аманаттың көрінісі. Мұндай нысандар елдің ертеңіне инвестиция болып саналады» деп атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың бірлескен жұмысы аудандағы әлеуметтік жобалардың нәтижелі жүзеге асуына жол ашып отыр.

Салынып жатқан спорт кешенінің сыйымдылығы 150–200 адамға арналған. Жалпы аумағы 1203 шаршы метрді құрайтын ғимаратта футбол, мини-футбол, күрес, бокс, баскетбол, волейболға арналған залдар қарастырылған. Сонымен бірге, жаттығу және фитнес залдары да халық игілігіне ұсынылмақ. Кешеннің сыртында 800 шаршы метрлік ашық футбол алаңы салынады. Бұл ауыл спортын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жоба аудан әкімдігі, «Шымкентцемент» компаниясы және «Киелі Қазығұрт» мекемесі арасында жасалған үш жақты меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр. Мұндай ынтымақтастық үлгісі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін көрсетеді. Нысан құрылысының басталуы – ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Себебі спорт инфрақұрылымын дамыту өңірдің болашағына тікелей ықпал етеді.

Жалпы биыл Төлеби ауданында бірнеше заманауи спорт кешені ашылған болатын. Соның бірі жуырда Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында бой көтерген еді. Ел игілігіне берілген бұл нысан – ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Оның салтанатты ашылу рәсіміне арнайы генерал, жазушы Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, AMANAT партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысты.

Жалпы құны 160 миллион теңгені құрайтын спорт кешені толығымен жеке демеушінің қаржысы есебінен бой көтерген. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға зор мүмкіндік бермек. Салтанатты шарада ауыл халқы игілікті іске мұрындық болған Болат Жылқышиевке ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Болат Жылқышиев салтанатты шарада: «Бұл кешен – болашақ чемпиондардың шыңдалатын ордасы. Бүгінгі бала – ертең ел намысын қорғайтын азамат. Мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлем ареналарында шырқататын батырлар дәл осы залдан шығады деп сенеміз», – деді. Бұл сөз ауыл жастарына жігер беріп, спорттың тек денсаулық емес, рухтың да мектебі екенін еске салды.

Бұл бизнес өкілдерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының айқын дәлелі. Кешеннің құрылысына мемлекеттен бір теңге де жұмсалмағанымен, оның әлеуметтік әсері кез келген мемлекеттік жобадан кем емес. Заманауи үлгіде жабдықталған залда күрес, бокс, волейбол, гимнастика және өзге де спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар.

Кентау қаласында мемлекеттік грантпен жұмыс бастағандар көбейе түсті
Түркістанға салынған инвестиция көлемі артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу