Түркістанға салынған инвестиция көлемі артып келеді

Жыл басынан бері Түркістан облысында тоқсанан астам шетелдік компаниямен кездесулер ұйымдастырылып, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Осы байланыстардың аясында облыстың негізгі капиталына 10 айдың қорытындысымен жалпы 1178,4 миллиард теңгеинвестиция тартылса, шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрады. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжоба пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Ендігі кезекте Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында өткен форумға 300-ге жуық компания қатысып, облыстың мүмкіндігі таныстырылды. Онда шетел компанияларына ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жасалып отырған мүмкіндіктер қызықтырды. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер туралы да ақпараттар берілді.
Аталған форумға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты. Маңызды шара барысында көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды. Форумның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.
Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.
– Бүгінгі форум – жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 27 миллиард АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары, – деді Нұралхан Көшеров.
Іскерлік жиында «Парыз» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасының орынбасары – Тимур Нақыпбеков модератор болды. Спикерлер қатарында Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамының хатшылық бастығы – Бан Хуэй, Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және өкілетті Елшісі – Хань Чуньлинь, Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы – Жошыхан Қыраубаев, «Souths Oil» компаниясының президенті – Серікжан Сейтжанов, Бачжоу қалалық халық үкіметінің хатшысы (ҚХР) – Му Хэжун, кәсіпкер, «Karazhal Operating» және «Global Chemicals Company» компанияларының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ұлттық жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы ҚБ президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қатысты.
Пленарлық отырыста Қазақстандағы Халықаралық сауданы ілгерілету Қытай комитетінің (CCPIT) өкілі – Лю Юэ, «Қазах Инвест» ҰК АҚ жобалар менеджері – Әбдірашид Үсенов, «Қайып Ата» компанияларының Бас директоры – Сырым Ертаев, Қазақстандағы «Xinjiang Lihua (Group) Co. Ltd» компаниясының директоры – Суй Дже сөз сөйлеп, елдер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мәселесіне тоқталды.
Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылады.
Халықаралық форум «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбында панельдік сессияға ұласты. Маңызды жүздесуде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға қашан да қолдау болатынын айта келе, мақұлданған жобалар төңірегінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. «Облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум өңір дамуын көркейте отырып, өндіріс саласындағы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іскерлік алаң. Сіздерді облысты жан-жақты дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға әсіресе өнеркәсіп саласын дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын! Осы тұста бүгін бірқатар маңызды жобалар мақұлданып, жүзеге асыру жолдары зерделенуде. Алдағы уақытта аймақтың өндіріс саласы жоғары деңгейде дамиды деп сенемін, – деді облыс басшысы Н.Көшеров.
Жиын барысында жалпы құны 432,2 миллиард теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, құны 75,3 миллиард теңгелік Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобасы, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы инвестжобалар мақұлданды. Мұндағы мақсат – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, облыстың өндірістік әлеуетін әрі қарай дамыту.
Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Айта кетейік, келіссөздер нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру жобаларын іске асыру көзделуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл форум, ресми сапарлардың жалғасы ретінде іскерлік алаңға айналған. Форумда мақұлданған жобалар өңір экономикасын ұдайы дамытуға және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.


