Жаңатаста төтенше жағдай жарияланды

Oinet.kz 06-02-2026

6 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңатас қаласында қатты жел соғып, бірқатар нысанға зақым келтірді. Осыған байланысты қалада аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланып, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

image.png

Өңір басшысы Жаңатас қаласына арнайы барып, апат салдарымен танысқанын айтты. Оның сөзінше, қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, электр желілері бүлінген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, үш көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толықтай, жеті үйдің шатыры жартылай зақымданған. Сонымен қатар жеті кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен екі шақырым электр желісі істен шыққан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік нысандарға зақым келмегені хабарланды.

«Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Зерделеу жұмыстары жалғасуда. Апат салдарын жою үшін қажетті қаржы қарастырылады. Тиісті көмек толық көлемде көрсетіледі», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев аудан әкімдігіне, төтенше жағдайлар департаментіне және жауапты басқармаларға қалпына келтіру жұмыстарын жедел бастауды тапсырғанын жеткізді. Айтуынша, жөндеу жұмыстары бүгіннен басталып, жағдай жеке бақылауына алынған.

Сарысу ауданы әкімдігінің хабарлауынша, бүлінген көпқабатты үйлер мен нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Алдымен сынған терезелер қалпына келтіріліп, кейін шатырлар мен басқа да зақымданған бөліктерді жөндеу қолға алынған.

Мектеп дәретханасында сірке суын ішкен. СҚО-да оқушы қыз суицид жасады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу