Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінен 4 адамның мәйіті табылды
Шымкент қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен төрт адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, олар газдан уланып көз жұмған.

Мәйіттер үш түрлі пәтерден табылған. Тұрғындардың айтуынша, подъезде бірнеше күн бойы газдың иісі сезілген, алайда оған ешкім тиісті шара қолданбаған.
Қайғылы оқиға Шымкенттегі Студенттік қалашық шағынауданында болған. Мәйіттердің бірін алдымен 3 қабаттағы пәтер иесі тапқан. Көршілерінің айтуынша бұл пәтерді 20 жастағы студент қыз жалдап тұрған. Пәтер иесі келгенде ол жуынатын бөлмеде қимылсыз жатқан. Ол дереу 102-ге қоңырау шалып, хабар берген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері өзге де пәтерлерді тексеру барысында 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесін және екінші қабаттағы басқа пәтерден 23 жастағы жігіттің мәйітін анықталған.
Ал Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша «абайсызда адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Мамандар газ жабдықтарының техникалық жағдайын тексеруде.
– Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.


