Шымкенттегі көп қабатты үйден табылған 4 мәйіттің өлім себебі анықталды

Oinet.kz 06-03-2026

Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен табылған  төрт мәйіттің неден қайтыс болғандары анықталды. Қайғылы оқиғаның себебін QazaqGaz Aimaq компаниясының Шымкент өндірістік филиалы түсіндірді, деп хабарлайды Оinet.kz. 

image.png

Оқиға орнына «QazaqGaz Aimaq» АҚ апат бригадасы барған. Алдын ала мәлімет бойынша, 2009, 2006, 2002 және 1994 жылдары туған төрт адам газдан улану салдарынан қаза тапқан.

Зерттеу барысында апат бригадасы уланудың ықтимал негізгі себебі тиісті рұқсатсыз өз бетінше орнатылған су жылытқыштың мұржасында тартымның болмауы екенін анықтаған. Сондай-ақ үйде желдету арнасы қарастырылмағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы шарт пен түтін және желдету арналарына тексеру жүргізілгенін растайтын акт ұсынылмаған.

Жазатайым оқиғаның нақты себептері сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Тиісті тергеу жүргізу үшін ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолданған.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте бір подъездегі пәтерлерден төрт адамның мәйіті табылған болатын. Оқыс оқиға Студенттер қалашығы шағын ауданында болған. Тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті, екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің, ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерден студент қыздың жансыз денесі табылған.

Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінен 4 адамның мәйіті табылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу