Қауіпсіз ұрпақ – жарқын болашақ кепілі

Oinet.kz 23-04-2026

image.png

Елдің келешегі оның қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Қауіпсіздік – бұл жай ғана дерексіз ұғым емес, ол азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ететін көптеген аспектілерді қамтитын күрделі ұғым. Осы негізде ел қауіпсіздігі үшін 2021 жылы "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы бекітілген еді. Жобаның маңызды тармағының бірі – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар арасындағы қылмысты азайту болып табылады. 

Түркістан облысында аталған жоба аясында ауқымды шаралар атқарылуда.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қазіргі таңда бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналар, мектеп, қоғам және мемлекет деңгейінде бірлескен жұмысты талап етеді. Себебі жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруы көбіне әлеуметтік, психологиялық және тәрбиелік факторларға байланысты қалыптасады.

    Таяуда  өңірде  кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және өзге де өзекті мәселелер талқыланған арнайы штаб отырысы өтті. 

Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізіп отырды. Отырыс барысында жауапты сала өкілдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы есеп берді. 

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысы балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. 

– Балаларды тәрбиелеу, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы ретте барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын күшейту қажет. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың себеп-салдарын анықтап, алдын алу шараларын күшейтіп, сонымен қатар елді мекендерде отбасы құндылықтарын насихаттау, бала тәрбиесін күшейту бағытында ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырамын. Аудан және қала деңгейінде комиссия отырыстарын тұрақты өткізу, арнайы жұмыс топтарын құрып, мониторинг жүргізу және нақты ұсыныстар енгізу маңызды, – деді ол.

Ең алдымен, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізгі себептеріне назар аудару қажет. Олардың қатарында отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі, ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмеуі, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы және теріс орта ықпалы бар. Сонымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілердегі зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент те жасөспірімдердің мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін.

Құқықбұзушылықтың алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Бала ең алдымен тәрбие мен құндылықтарды отбасынан алады. Сондықтан ата-аналар баланың мінез-құлқына, ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне жіті көңіл бөліп, ашық қарым-қатынас орнатуы тиіс. Баламен сенімді диалог құру оның түрлі теріс әрекеттерден алшақ болуына ықпал етеді.

Мектеп пен білім беру ұйымдары да бұл бағытта маңызды қызмет атқарады. Оқу орындарында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған сабақтар, тренингтер мен кездесулер ұйымдастыру қажет. Педагогтар мен психологтар оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, алдын алу шараларын жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, мектептерде буллинг пен агрессияға қарсы нақты жүйелі жұмыстар қолға алынуы керек.

Жиын барысында өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық және өзге де әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ «тәуекел тобына» жататын кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Қорытындылай келе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – кешенді әрі жүйелі жұмысты қажет ететін процесс. Бұл бағытта отбасы, мектеп, қоғам және мемлекет бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Жастарға дұрыс тәрбие беріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – болашақтың берік іргетасын қалаудың басты шарты.

Айта кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысында мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық жағдайымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қолдау жүйесі жаңғыртылып, осы бағытта ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Сонымен қатар мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. 

Сапалы жолдар - қозғалыс қауіпсіздігі
Өңір экономикасы өрлеу жолында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу