Өңір экономикасы өрлеу жолында

Oinet.kz 23-04-2026

image.png

Түркістан облысы соңғы жылдары инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру бағытында айтарлықтай серпін көрсетіп келеді. Өңірдің стратегиялық орналасуы, тарихи-туристік әлеуеті және мемлекеттік қолдау тетіктері инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Облыс экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – индустрия және ауыл шаруашылығы. Түркістанда индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар құрылып, онда өндірістік кәсіпорындарды орналастыруға жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға ықпал етуде. Әсіресе, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі салаларына инвестиция көлемі артып келеді.

Ауыл шаруашылығы да облыс экономикасының маңызды бөлігі болып табылады. Түркістан – еліміздегі жылы климаттың арқасында жылына бірнеше өнім алуға мүмкіндік беретін бірегей өңір. Соңғы жылдары тамшылатып суару, жылыжай кешендерін салу, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту бағытында ірі жобалар іске асырылуда. Бұл тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашып отыр.

Инвестиция тарту бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шетелдік және отандық инвесторлармен келіссөздер ұйымдастырылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Инвесторларға инфрақұрылым жүргізу, салықтық жеңілдіктер беру және әкімшілік кедергілерді азайту секілді қолдау шаралары ұсынылады. Сонымен қатар, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі енгізіліп, бизнес жүргізу процесі жеңілдетілген.

Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасын іске асырып жатқан инвесторлармен кездесіп, жобалардың орындалу барысын және алдағы жоспарларды талқылады.

Аталған жоба – өңірдегі ең ауқымды өнеркәсіптік бастамалардың бірі. Жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын кешен мақтаны өсіруден бастап, оны өңдеп, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Жоба толық іске қосылғанда 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өнімділік гектарына 60 центнерге дейін жетеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясы ретінде тамшылатып суару жүйесі енгізілген.

Кешен құрамына мақта өңдеу зауыттары, ПВХ құбырларын өндіру зауыты, тамшылатып суару жүйелерін шығару кәсіпорны, жіп иіру фабрикасы, тоқыма (мата) өндірісі, бояу-әрлеу фабрикасы және тігін фабрикасы кіреді. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын 5 ірі жоба пайдалануға берілді. Бұл жобалар аясында 1760 жаңа жұмыс орны ашылған.

Сонымен қатар Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа мақта егу жобасы жүзеге асырылып, өңірдегі агроөнеркәсіптік сектор мен жеңіл өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай серпін берді.

Жыл соңына дейін жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Кездесу барысында облыс әкімі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Өңірдегі барлық инвестициялық жобалар әкімнің жеке бақылауында.

– Маңызды жобалардың уақтылы әрі тиімді іске асуына қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алдағы жоспарларыңыз бен өзекті мәселелерді бірге пысықтаймыз. Мақсатымыз – толық циклді мақта кластерін дамыту, жаңа жұмысын орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту. Келісілген жобалар толық жүзеге асуға тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар өз кезегінде жобалардың жүзеге асу барысы туралы баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Негізгі мәселелердің бірі – жұмыс күші тапшылығы. Осыған байланысты өңір басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті колледж түлектерін жұмысқа тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мамандарды тегін оқытуға әкімдік гранттар бөледі.

Жобаны жүзеге асырып жатқан компания Қытайдың агроөнеркәсіптік индустрияландыру саласындағы ТОП-100 кәсіпорны қатарына кіретін «Zhongtai Group» құрамына кіреді. Компания мақта және тоқыма саласында толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға маманданған.

Қазіргі таңда өндірістік кешенде еңбек жағдайына ерекше көңіл бөлінген. Отырар ауданындағы мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшыларға арналған жатын орындар мен асханалар бар. Зауыт аумағында 4 жатақхана пайдалануға берілген, жұмысшылар күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Бүгінде кешенде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Ал алдағы жаңа өндіріс орындары іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Қауіпсіз ұрпақ – жарқын болашақ кепілі
Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу