Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті артып келеді

Түркістан облысы инвестиция тарту арқылы экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі саясат жүргізіп отыр. Өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа өндірістер ашу және инновациялық жобаларды жүзеге асыру алдағы уақытта да экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші болмақ.
Облыста шетелдік инвесторлар жаңа флоат-шыны өндіру жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жобаны жіті зерделеу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып, жер және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын талқылады.
Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 220 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылдық қуаттылығы 480 мың тонна жоғары сапалы флоат-шыны өндіру зауытын іске асыру көзделген. Ал екінші кезеңде жылдық қуаттылығы 350 мың тонна кварц құмын өндіру кешені және басқа да нысандар салу жоспарлануда.
Қайыпбек Қанат облыс әкімдігі инвестициялық жобаларға ашық екенін жеткізіп, әлеуетті жобаларға заң шеңберінде қолдау көрсетілетінін айтты.
– Жоба Түркістан облысының ғана емес, республикамыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Өңірімізде отандық өндірісті дамыту мен импортты алмастыруға бағытталған жобаларды, оның ішінде шыны өнімдерін өндіру жобасын іске асыру үшін жоғары әлеует бар. Ресурстық базаға келер болсақ, Қазығұрт және Созақ аудандарында кварцты құм қорлары шоғырланған. Түркістан облысы әкімдігі жобаның жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұған дейін инвесторлар өңірдің кварцты құм кен орындарымен танысып, зертханалық талдаулар жүргізген болатын. Зерттеулердің оң нәтижелері мен компания директорлар кеңесі қабылдаған шешімі негізінде жобаны Түркістан облысында іске асыру жоспарланып отыр.
Бұл компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндіріс пен сатуды біріктіре отырып, жоғары сапалы шыны түрлерін өндіреді. Компанияда 18 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шыны өнімдері нарығында импортқа деген тұрақты сұраныс сақталуда. Аталған кезеңде шыны импорты 277 миллион АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі 46 миллион АҚШ долларын құрады.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді құру тәжірибиесін басқа облыстарда қолдану жоспарланған. Тәжірибе алмасу мақсатында өңірлердің Түркістан облысына іссапарлары жалғасуда. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің салаға жауапты өкілдерінен құралған делегация Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған аймақтарды аралады.
Іссапар барысында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, кәсіпорындардың жұмысын бақылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында іске асырылып жатқан өндірістік парктердің құрылыс барысын көрді. Одан бөлек, Арнайы экономикалық аймақ және Индустриялды аймақта болып, сол аумақтарда орналасқан жобалармен танысты.
Жалпы, Түркістан облысындағы барлық аудан және қалаларда 25 шағын өндірістік алаңдар құрылып, 258 өндірістік ғимарат салынып жатыр. Қазіргі таңда 120 ғимараттың құрылысы аяқталды. Аталған аумақтарда жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы 27 миллиард теңгеге импортты алмастыру тауарлары шығарылды. Іске қосылған жобалардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар.


