Жаңа инвестициялық жобалардың іске асу барысы қаралды

Oinet.kz 24-04-2026

image.png

Түркістан облысында инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 31 хаттамалық тапсырма берілген. Бұл тапсырмалар өңірдегі инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі саналады.

Аталған тапсырмалардың орындалу барысы мен инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында жан-жақты талқыланды. Жиын барысында жобалардың іске асу деңгейі, туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары пысықталды.

Инвестициялық штаб отырысының күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Ең алдымен, инвесторлар осы жылы іске асырылуы жоспарланған жобалардың қазіргі жағдайы туралы есеп берді. Олардың қатарында өндіріс, энергетика, туризм және ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын ірі жобалар бар. Сонымен бірге, облыс әкімінің бұған дейін берген хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы сараланып, жауапты тұлғалардың жұмысы бағаланды.

Жиында сондай-ақ биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар мен өткен жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері қаралды. Бұл бағытта Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдерінің есептері тыңдалды. Аталған өңірлерде жаңа жобаларды іске қосу, инвестиция көлемін арттыру және жұмыс орындарын ашу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, жаңа инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілді. Бұл ретте инженерлік желілердің дайын болуы – жобалардың табысты жүзеге асуының басты шарттарының бірі екені айтылды.

– Облыс аумағындағы барлық электр қосалқы станцияларына толық инвентаризация жүргізіп, бос қуат резервтерін анықтау қажет. Сонымен қатар, автоматтандырылған газ үлестіру станцияларының техникалық жай-күйіне ревизия жасап, олардың нақты мүмкіндіктерін айқындау маңызды. Әрбір станцияның жобалық қуаты мен нақты тұтыну көлемі туралы нақты деректер ұсынылуы тиіс. Жалпы, инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табуы қажет, – деді Қанат Қайыпбек.

Жалпы, Түркістан облысында биыл да бірқатар маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, EURO SANDWICH PANEL Сауран ауданының Шаға ауылдық округінде сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл жоба өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ал Шардара ауданы аумағында Dos Big Company қонақ үй кешені мен фитнес орталығының құрылысын қолға алған. Бұл жоба туризм мен қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етпек. Энергетика саласында да ілгерілеушілік бар. Төлеби ауданы аумағында Тауэнерго шағын су электр станциясының құрылысын бастаса, Jasyl qyat тарапынан да ұқсас жоба іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы саласында Түлкібас ауданы ерекше белсенділік байқалады. Мұнда Майлыкент Ферм тауарлы сүт фермасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыруға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барлығы экономиканың әртүрлі салаларын қамтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. Жаңа өндірістердің іске қосылуы, инфрақұрылымның дамуы және жұмыс орындарының ашылуы – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторларының бірі.

Айта кету керек, инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылым тарту және қажетті жағдай жасау бағытында нақты шаралар қабылдануда. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының тұрақты өсіміне жол ашуда.

Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті артып келеді
Ордабасыда ауыл жолдары мен әлеуметтік нысандар жаңартылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу