Қауіпсіздік пен заңдылық жолындағы жүйелі жұмыс

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған жедел кеңес өтті. Басқосуда Мемлекет басшысының құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған тапсырмалары мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауларының орындалу барысы сараланып, өңірдегі криминогендік ахуалға жан-жақты талдау жасалды.
Жедел кеңеске Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров төрағалық етті. Күн тәртібінде қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі қылмыстарының жолын кесу, жол қауіпсіздігін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» тұжырымдамасы құқық қорғау органдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде. Аталған бастама аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Кеңес барысында Криминалдық полиция басқармасының, Тергеу басқармасының, Анықтау басқармасының, Әкімшілік полиция басқармасының және Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Олар өз салаларындағы көрсеткіштерге тоқталып, анықталған кемшіліктерді жою жолдары мен алдағы кезеңге арналған міндеттерді белгіледі.
Жиында ерекше назар аударылған бағыттардың бірі – алаяқтық қылмыстарының алдын алу болды. Әсіресе интернет алаяқтарының әрекеттерінен азаматтарды қорғау мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, профилактикалық шаралар күшейтілгені атап өтілді. Полицейлер қаржы ұйымдары және мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Сонымен қатар есірткі қылмыстарына қарсы күрес мәселесі де кеңінен талқыланды. Жастарды зиянды әдеттерден қорғау, синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою және заңсыз айналым арналарын анықтау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланды. Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шараларға білім беру ұйымдары мен қоғамдық ұйымдар да белсенді тартылып отыр.
Кеңесте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртіп деңгейін арттыру және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды. Әсіресе балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі тұрақты бақылауда екені айтылды.
Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше мән берілді. Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімі ең алдымен қызметкерлердің адалдығы мен кәсібилігіне байланысты екені атап өтілді. Сондықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік әдепті сақтауы, заң талаптарын бұлжытпай орындауы және азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық қағидатын ұстануы басты талап ретінде белгіленді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінгі күні тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтік тәртіпті нығайту және жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытында тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және қызметтік міндеттерді адал орындау мәселелері үнемі бақылауда ұсталады.
Кеңес барысында жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесі де кеңінен қаралды. Басшылық тарапынан әрбір қызметкердің әрекеті заң аясында болуы тиіс екені ескертіліп, қызметтік тәртіпті бұзуға және жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаты ұстанылатыны жеткізілді. Бұл ретте профилактикалық жұмыстарды күшейту, бақылау тетіктерін жетілдіру және қоғамдық бақылау институттарымен өзара іс-қимылды арттыру міндеттері қойылды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі де талқыланды. Әсіресе мектеп бітірушілерге арналған «Соңғы қоңырау» іс-шаралары кезінде қауіпсіздікті күшейту, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын сақтау бағытында кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Жедел кеңес қорытындысында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров жауапты қызметтердің басшыларына нақты міндеттер жүктеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.
Құқықтық тәртіпті нығайту, «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және «Қауіпсіз ел» бастамасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру алдағы кезеңде де Түркістан облысы полициясының негізгі басым бағыттарының бірі болып қала бермек.


