Бейнекамера бақылауындағы тәртіп: заң бұзған жүргізуші анықталды

Oinet.kz 25-05-2026

image.png

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» жобасының басты мақсаттарының бірі – азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, қылмыс деңгейін төмендету және құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыру. Сонымен қатар жоба аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағытта жол инфрақұрылымын жетілдіру, жүргізушілерді даярлау жүйесін дамыту, заманауи цифрлық технологиялар мен бейнебақылау жүйелерін енгізу арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу көзделген.

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың рөлі артып келеді. Түркістан облысында да құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи бейнебақылау жүйелері тиімді қолданылуда. Соның нәтижесінде көптеген құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер заң аясында жауапкершілікке тартылуда.

Кезекті осындай құқық бұзушылық Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің бақылауы барысында анықталды. Бейнебақылау камералары арқылы жүргізілген мониторинг кезінде инспекторлар Түркістан қаласындағы Саттарханов даңғылы бойында қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген мопед жүргізушісін байқап қалған.

Кадрлардан күндізгі уақытта жол бойымен қозғалып келе жатқан мопед жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көлік құралының алдыңғы дөңгелегін көтеріп, қауіпті маневрлер жасағаны анық көрінген. Мұндай әрекеттер жүргізушінің өз өміріне ғана емес, жолдағы басқа қозғалыс қатысушыларының қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Кез келген сәтте бақылаудан шыққан көлік ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

Құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына жақын маңда қызмет атқарып жүрген полиция жасақтарына дереу хабар берген. Жедел әрекет еткен автоэкипаж күдікті жүргізушіні тоқтатуға әрекет жасағанымен, ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан.

Алайда полицейлер кәсіби шеберлік танытып, құқық бұзушыны қысқа уақыт ішінде анықтап, тоқтатты. Тексеру барысында мопед арнайы айыптұраққа қойылып, жүргізушінің жеке басы анықталды.

Белгілі болғандай, көлік тізгіндеген азамат 19 жастағы жас жігіт болып шыққан. Ол мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мопедті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Бұдан бөлек, өзінің жауапсыз әрекеті арқылы өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп, жол қозғалысына қатысушылар үшін авариялық жағдай қалыптастырған.

Полиция қызметкерлері анықталған барлық заң бұзушылықтарды тіркеп, жас жігітке қатысты әкімшілік шаралар қабылдады. Нәтижесінде ол бірден 6 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Бұл жол қозғалысы ережелерін елемеудің және қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың заң алдында жауапсыз қалмайтынын көрсетеді.

Қазіргі таңда республика бойынша мопед жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі соңғы жылдары мопед пен жеңіл көлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Әсіресе жастар арасында қауіпті маневрлер жасау, көлік құралын тіркеусіз пайдалану және жүргізуші куәлігінсіз басқару деректері жиі кездеседі.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізуде. Мамандардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек заң талабы ғана емес, адам өмірін сақтаудың маңызды кепілі.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды көлік құралдарын жүргізу кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқаруға, жол қозғалысына қауіп төндіретін әрекеттер жасауға, өзге жүргізушілерге әдейі кедергі келтіруге және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін ескертеді.

«Қауіпсіз ел» жобасы аясында қолға алынған шаралардың негізгі мақсаты – жолдардағы тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және әрбір азамат үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, заманауи технологиялардың көмегімен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары одан әрі күшейтіле бермек.

Қауіпсіздік пен заңдылық жолындағы жүйелі жұмыс
Сегіз күнде 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу