500-ден астам есірткі жарнамасы жойылды

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкентте есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы мен жарнамасының алдын алуға бағытталған «Шымкент есірткісіз қала» іс-шарасы өтті. Бастама қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, есірткі қылмысының алдын алуға және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті ұйымдастырды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды қоса алғанда, 3000-ға жуық адам қатысты. Қатысушылардың көп болуы есірткі қылмысының алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетті.
Саптық жиыннан кейін қатысушылар қаланың бес ауданына бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп белгіленген аумақтарды тексеруге кірісті. Рейд барысында тұрғын үйлердің қабырғалары, қоршаулар, аулалар мен басқа да нысандар назарға алынды. Негізгі мақсат – есірткі құралдарын насихаттайтын және олардың заңсыз айналымына ықпал ететін жазбаларды анықтап, жою.
Жұмыс нәтижесінде қала аумағында есірткіні насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды. Мұндай жазбалардың қоғамдық орындарда сақталуы жастарға кері әсер етіп, есірткіні тұтыну мен таратуға қатысты қауіпті түсініктердің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.
Іс-шара барысында Шымкенттің барлық аудандары қамтылып, тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері азаматтарға есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты күмәнді фактіге бейжай қарамаудың маңызын түсіндірді.
«Заң мен тәртіп» қағидатының басты талаптарының бірі – заң бұзушылыққа жол бермеу және оның алдын алуға қоғам болып атсалысу. Бұл тұрғыдан алғанда, есірткі қылмысына қарсы күресте тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызды. Қоғам мүшелері құқық бұзушылық туралы уақтылы ақпарат беріп, өз ауласында, көшесінде немесе қоғамдық орындарда күмәнді әрекеттерді байқаса, тиісті органдарға хабарлай алады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен жарнамасына қатысты фактілерге бейжай қарамауға, күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.


