Цифрлық сауаттылық – киберқауіпке қарсы қалқан

Қазіргі цифрлық ортада жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден сақтану және интернеттегі алаяқтықтың алдын алу әр азамат үшін маңызды. Осыған орай Шымкентте қыркүйек айында «Кибермәдениет айы» аясында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтеді. Онда кибергигиена мен ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бүгін Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының ұйытқы болуымен Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де “Кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндірме” тақырыбында басқосу өтті.
Жиынның мақсаты – азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, киберқауіптердің алдын алу және күнделікті өмірде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру.
Шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері Бақытжан Бекбаев пен Ердәулет Ералиев дербес деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау, күрделі құпиясөздерді пайдалану, аккаунттарды қорғау және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндіріп берді.
Сонымен қатар, қатысушыларға интернет желісінде жиі кездесетін киберқауіптердің түрлері және олардан қорғану жолдары айтылды.
Қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев кибермәдениет ең алдымен адамның өзінен басталатынын, әлеуметтік желідегі аккаунттарды қорғау қажет екенін атап өтті.
«Кибермәдениет айы» аясындағы іс-шараларға студенттер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қызметкерлері де қатысады. Бұл өз кезегінде білім беру ортасында киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және цифрлық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді. Қалалық цифрландыру басқармасы азаматтарды цифрлық технологияларды пайдалану кезінде сақтық танытып, дербес деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге, күмәнді хабарламалар, сілтемелерге өтпеуге және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
«Кибермәдениет айы» – азаматтардың киберқауіпсіздік бойынша сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіптердің алдын алуға, қауіпсіз цифрлық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтиды.


