Қоғамдық орындарды ластау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады

Oinet.kz 28-08-2026

Screenshot_27.jpg

Тазалық – жеке бастың гигиенасынан басталып, біз өмір сүріп жатқан ортаның, қаланың көрікті ажарымен аяқталады. Таза ортада өмір сүру – әрбір азаматтың басты арманы болса, соны сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Осы орайда Шымкент қаласында қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді түрде жалғасуда. Бұл ауқымды бастама тек қоқыс жинаумен шектелмей, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға да үлкен серпін беруде.

Акция аясында Шымкент қаласының полиция қызметкерлері тиісті коммуналдық қызметтермен бірлесе отырып, абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдалану орындарын ластау және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың жолын кесу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Қала аумағындағы қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында күн сайын Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы үздіксіз мониторинг жүзеге асырылады. Көшесі таза, саябақтары бапталған шаһарға қарап, онда тұратын азаматтардың ішкі мәдениеті мен туған жерге деген сүйіспеншілігін бағалауға болады. Керісінше, көшеде шашылған қоқыс қаланың көркін бұзып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтардың көңіл-күйіне, қаланың беделіне кері әсер етеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындарды ластау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ұмытпаған жөн.

Заманауи бейнебақылау камераларының көмегімен ортақ пайдалану орындарына турлі тұрмыстық қоқыстарды тастау, қоғамдық орындарды ластау сияқты құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталуда. Мәселен, кезекті мониторинг барысында қоғамдық орындарда темекі шегіп, оның тұқылдарын жерге бей-берекет лақтырып кеткен бірқатар азаматтар камераға түсіп қалды. Тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, аталған құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылдады.

Полиция қызметкерлері қала тазалығын сақтау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін еске салады. Тазалықты сақтау және «нөлдік төзімділік» ұстанымын ұстану арқылы әрбір тұрғын сүйікті қаламыздың жайлы, қауіпсіз әрі көркем болуына өз үлесін қоса алады. Заң мен мәдениет салтанат құрған жерде ғана нағыз тәртіп пен тазалық орнайды.

Түнгі тыныштық пен қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу