Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам тыныштығының кепілі

Oinet.kz 28-08-2026

Screenshot_1.jpg

Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуде отбасылық-тұрмыстық саладағы заңдылықты нығайту мен адам құқықтарын қорғауға ерекше басымдық беріледі. Отбасы – мемлекеттің негізгі діңгегі болғандықтан, ондағы қауіпсіздік пен тыныштық – тұтас қоғам тұрақтылығының кепілі. Осы орайда Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы белсенді жүргізіліп жатыр.

Ауқымды шара аясында Шымкент қалалық Полиция департаменті мен әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының бірлескен жүйелі жұмысы жалғасуда. Осы мақсатта Департамент бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов №3 арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығына барып, маңызды кездесу өткізді. Жиынға әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергейтін әйел тергеушілер мен орталықтың білікті қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға кешенді әрі сапалы көмек көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, қиын жағдайға тап болған жандарға қажетті психологиялық, әлеуметтік, медициналық және құқықтық көмек беру, олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және конституциялық құқықтарын қорғау тетіктері сөз болды. Сонымен қатар отбасындағы буллингтің зардабы туралы кеңінен ақпарат берілді. Егер отбасында қиын жағдай болып жатса, оны жасыруға болмайтыны айтылды. Себебі қаншалықты жасырылса, оның тигізер зияны да соғұрлым ауыр болмақ. 

Аталған бағытта жасалған меморандум аясында әйелдердің жыныстық бостандығына және кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды тергеу барысында ерекше тәсіл қолданылуда. Зардап шеккендермен психологиялық тұрғыдан тиімді жұмыс істеу және қайта жарақаттаудың алдын алу үшін арнайы бекітілген әйел тергеушілер қызмет атқарады. Бұл бұзылған құқықтарды қорғауда және әділдікті орнатуда маңызды қадам болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге қолдау көрсету және әлеуметтік-құқықтық серіктестікті одан әрі нығайту жөнінде бірлескен шешім қабылдады. Заң үстемдік еткен жерде ғана зорлық-зомбылыққа орын жоқ.

Қоғамдық орындарды ластау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады
Заң мен тәртіп – есірткіге қарсы ортақ ұстаным
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу