Заң мен тәртіп – есірткіге қарсы ортақ ұстаным

Oinet.kz 28-08-2026

Screenshot_2.jpg

Шымкентте нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Нашақорлықтың профилактикасы және есірткі қылмыскерлігіне қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері, қаланың жауапты мемлекеттік органдары мен мүдделі құрылымдардың басшылары қатысты.

Кездесуде қала аумағында есірткінің таралуына жол бермеу, заңсыз айналымға қарсы іс-қимылды күшейту және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға басымдық берілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды негіздерінің бірі. Өйткені есірткінің заңсыз айналымы тек құқықтық тәртіпке ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне, әсіресе өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, ата-аналардың ортақ жауапкершілігін талап етеді.

Отырыста Ішкі істер министрлігінің өкілдері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Олар ахуалға тұрақты мониторинг жүргізудің, жедел-профилактикалық іс-шараларды сапалы ұйымдастырудың және заманауи әдістерді тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар жасөспірімдер арасында есірткінің таралуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте жастарға қауіптің салдарын түсіндірумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, профилактикалық жұмыстарды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру және есірткі қылмысына қарсы шаралардың нәтижелілігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті шешімдер қабылданды.

Заң талаптарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және есірткісіз ұрпақ қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Бұл бағыттағы жүйелі әрі бірлескен жұмыс Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың маңызды тетігі болмақ.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам тыныштығының кепілі
Жолдағы тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу