Жолдағы тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

«Заң мен тәртіп» – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты қағидаты. Әсіресе жол қозғалысы ережелерін сақтау – әр жүргізушінің азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіге қаралым жинау мақсатында заң талаптарын елемейтіндер де кездеседі.
Шымкент қаласында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушінің бейнежазбасы анықталды. Кадрларда автокөліктің қасақана тротуарға шығып, жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіргені байқалады. Оның ішінде балалар арбасымен келе жатқан азаматтың қауіпсіздігіне нақты қатер төнген.
Ең алаңдатарлығы – бұл әрекет кездейсоқ жасалмаған. Жүргізуші өзінің қауіпті әрекетін әдейі бейнетаспаға түсіріп, кейін оны әлеуметтік желілерде жариялаған. Яғни қоғамдық қауіпсіздік талаптарын елемей, көпшіліктің назарын аударуды көздеген.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Құқық бұзушы Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны Абдулла Бибарыс болып шықты. Тексеру барысында оның көлік құралын басқару құқығы болмағаны анықталды. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар көлік ішіндегі жолаушы да заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, автокөліктің міндетті техникалық байқаудан өтпегені және міндетті сақтандыру полисінің болмағаны анықталды. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушіге тиісті айыппұлдар салынды. Көлік құралы мамандандырылған айыптұраққа қойылды. Бұл жағдай – жолдағы тәртіпті әдейі бұзу тек өзіңе ғана емес, айналаңдағы адамдарға да қауіп төндіретінін көрсетеді. Әсіресе балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер келтіруді ойын-сауық немесе әлеуметтік желідегі қаралым үшін жасалған әрекет деп қабылдауға болмайды.
Полиция заң талаптарын демонстративті түрде елемейтін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермейді. Жолдағы әрбір жауапсыз қадамның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – ұран ғана емес, күнделікті өмірде сақталуы тиіс ортақ қағида. Жол ережесін сақтау, өзгелердің құқығы мен қауіпсіздігін құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.


