Қайта қылмыстың алдын алу – ортақ міндет

Oinet.kz 11-08-2026

Screenshot_4.jpg

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қылмыстың алдын алу жұмыстарының маңызы зор. Әсіресе бұрын сотталған азаматтардың қайта құқық бұзушылыққа баруына жол бермеу – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Әл-Фараби ауданында жүйелі түрде жүргізілуде.

Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Айқын нәтиже» жобасы аясында пробация және полиция есебінде тұрған сотталғандармен мәжіліс өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – қайта қылмыс жасаудың алдын алу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету.

Жиында есепте тұрған тұлғаларға белгіленген талаптарды сақтау мен сот жүктеген міндеттерді бұлжытпай орындаудың маңызы түсіндірілді. Құқық бұзушылықтың алдын алу тек бақылау жүргізумен шектелмей, әр азаматтың әлеуметтік жағдайын ескеруді де қажет етеді.

Осыған байланысты сотталғандармен жеке-жеке сұхбат жүргізіліп, олардың тұрмыстық және әлеуметтік мәселелері зерделенді. Әңгімелесу барысында әсіресе жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне басымдық берілді. Себебі адамның қоғамға қайта бейімделуі, заңды еңбекпен айналысуы және тұрақты табыс көзінің болуы оның қайта қылмыс жасау қаупін төмендететін маңызды факторлардың бірі.

Жауапты мамандар сотталғандарға құқықтық талаптарды түсіндіріп, алдағы уақытта белгіленген тәртіпті бұзбау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар пробация қызметі мен полиция тарапынан бақылау шараларын күшейту, әрбір есептегі азамат бойынша профилактикалық жұмысты нақты ұйымдастыру мәселелері қаралды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамның әр мүшесінің жауапкершілігін арттыруды көздейді. Ал «Айқын нәтиже» жобасы аясындағы мұндай кездесулердің негізгі мәні – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Сотталған азаматтардың қоғамға қайта қосылуына жағдай жасау, оларды еңбекке тарту және құқықтық сауатын арттыру – ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған маңызды жұмыс. Осы бағыттағы жүйелі бақылау мен әлеуметтік қолдау қайта қылмыс жасаудың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Жолдағы тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің кепілі
Балалар қауіпсіздігіне қатысты атқарылар шаруа көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу