Балалар қауіпсіздігіне қатысты атқарылар шаруа көп

Қоғамдағы тәртіп пен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта Еңбекші ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Саналы ұрпақ» жобасы аясында Еңбекші ауданының прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ойын-сауық орындарында тұрақты түрде түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын бақылау. Рейд барысында заң талаптарын бұзған 33 кәсіпкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал талаптарды қайта бұзған кафе мен ойынхананың қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылды. Бұл – заң талаптарын елемеуге жол берілмейтінін көрсететін нақты шара.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болуына тыйым салынады. Аталған талапты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабында жауаптылық көзделген. Осыған байланысты кәсіпкерлер өз нысандарына келген азаматтардың жасына мұқият назар аударып, қажет болған жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруі тиіс. Бұл талап – тек заң алдындағы міндет емес, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің көрінісі.
Баланың қауіпсіздігіне ата-ананың да жауапкершілігі жоғары. Сондықтан ата-аналар балаларының кешкі және түнгі уақытта қайда жүргенін бақылап, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлуі қажет. Жасөспірімнің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау түрлі келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін. «Саналы ұрпақ» – құқықтық мәдениеті қалыптасқан, жауапкершілікті сезінетін жас буынды тәрбиелеуге бағытталған маңызды ұстаным. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты осы құндылықтарды күнделікті өмірде орнықтыруды көздейді.
Құқық қорғау органдары профилактикалық шараларды алдағы уақытта да жалғастырады. Олар кәсіпкерлер мен ата-аналарды заң талаптарын сақтауға, балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне жол бермеуге шақырады.


