Профилактикалық жұмыстар арқылы тұрғындарды сақтандырды

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек төтенше жағдай орын алған кезде әрекет етумен шектелмейді. Оның алдын алу, азаматтарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтау – маңызды міндет. Осы бағытта Әл-Фараби ауданында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бастамасымен «Заң мен тәртіп» және «Айқын нәтиже» қағидаттары аясында тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында қала тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, тұрмыстық және өндірістік нысандарда өрттің алдын алу, электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану және өрт қаупін туындататын факторларға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар жазғы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Балалардың қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінді. Ата-аналарға кәмелетке толмағандардың жазғы демалыс кезіндегі өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарап, олардың су айдындарына, қауіпті нысандарға және қараусыз аумақтарға баруын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды. Баланы бір сәтке қараусыз қалдырудың өзі орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін. Профилактикалық іс-шара аясында қала аумағындағы өрт шығу және электр тогынан зардап шегу қаупі жоғары учаскелер зерделенді. Анықталған тәуекелдерді жою және олардың алдын алу мақсатында жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қауіпсіздік талаптарын сақтауды әр азаматтың күнделікті міндетіне айналдыруды көздейді. Ал «Айқын нәтиже» қағидаты профилактикалық жұмыстың нақты нәтижеге бағытталуын талап етеді. Әл-Фараби ауданының прокуратурасы азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, балалардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларға белсенді қатысуға шақырады.


