Рейдтік іс-шара жемісін бере бастады

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Қаратау ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрақты түрде жүргізілуде. Қаратау ауданының прокуратурасы ұйымдастырған профилактикалық рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, заң талаптарының орындалуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара барысында қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық мекемелері және азаматтар көп жиналатын аумақтар тексерілді.
Рейд кезінде тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және өзге азаматтардың тыныштығын құрметтеу қажеттігі айтылды. Мұндай профилактикалық жұмыстардың басты ерекшелігі – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолдану емес, оның алдын алуға бағытталуы.
Іс-шара барысында заңсыз пайдаланылған қорқор (кальян) өнімдері анықталып, тәркіленді. Бұл бағыттағы бақылаудың күшеюі қоғамдық орындарда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандар да анықталды. Олардың ата-аналарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Бұл ретте жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше мән берілді. Бала қауіпсіздігі – ең алдымен отбасы мен қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ата-аналар кәмелетке толмағандардың бос уақытын бақылауда ұстап, олардың кешкі және түнгі уақытта қайда жүргеніне бейжай қарамауы қажет.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – әр азаматтың құқықтық жауапкершілігін арттырып, қоғамдық ортада қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды ұстаным. Бұл ретте профилактикалық рейдтердің маңызы зор. Себебі уақытылы жүргізілген түсіндіру мен бақылау жұмыстары көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қаратау ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.


