Жолдағы тәртіпке бейжай қарамау керек

Жол қауіпсіздігі – қоғамдағы тәртіп пен азаматтардың жауапкершілік мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Көлік тізгініндегі әр адамның жол қозғалысы ережесін сақтауы өз өмірі мен денсаулығын ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы бағытта профилактикалық шаралардың маңызы ерекше.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Абай ауданының прокуратурасы жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп, «Үлгілі жүргізуші» акциясын өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жолдардағы қауіпсіздікті нығайту.
Акция барысында жол ережесін қатаң сақтап, көлік құралын жауапкершілікпен басқарып жүрген жүргізушілерге ерекше назар аударылды. Құқық талаптарын сақтауды әдетке айналдырған азаматтарға алғыс айтылып, олардың үлгілі тәртібі көпшілікке өнеге ретінде көрсетілді. Жолдағы тәртіп ең алдымен жүргізушінің мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады. Жылдамдық режимін сақтау, жол белгілеріне бағыну, жаяу жүргіншілерге жол беру және көлік басқару кезінде мұқият болу – қарапайым көрінгенімен, адам өмірін сақтауға тікелей әсер ететін талаптар.
Акция аясында үлгілі тәртібімен көзге түскен жүргізушілерге алғыс ретінде естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – заң талаптарын орындаған азаматтарды ынталандырудың және қауіпсіз жүріс-тұрысты қоғамдық құндылық ретінде қалыптастырудың бір тәсілі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық бұзушылық жасаған адамдарға жауапкершілік жүктеумен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – заңды құрметтейтін, өз міндетін жауапкершілікпен орындайтын азаматтардың оң үлгісін қалыптастыру. Жол қозғалысының қауіпсіздігі тек полицияның бақылауына немесе жол инфрақұрылымына байланысты емес. Әр жүргізуші мен жаяу жүргіншінің заң талаптарын сақтауы – ортақ қауіпсіздіктің негізі. Абай ауданында ұйымдастырылған бұл акция жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда заңды сақтау мәдениетін нығайтуға бағытталды. Үлгілі жүргізуші – ережені ғана білетін емес, оны әрдайым сақтап, өз әрекетімен өзгелердің қауіпсіздігін ойлайтын азамат. Жолдағы тәртіпке бейжай қарамау – «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде жүзеге асырудың нақты көрінісі.


