Қылмысты болдырмау үшін сауатты болудың маңызы түсіндірілді

Oinet.kz 30-08-2026

Screenshot_14.jpg

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының маңызы зор. Әсіресе жастар арасында заң талаптарын түсіндіру, олардың құқықтық сауатын арттыру және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру – қылмыстың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Әл-Фараби аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шара өткізілді. Профилактикалық шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен арнайы жұмыстар жүргізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – есепте тұрған азаматтардың қайталама қылмыс жасауына жол бермеу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Азаматтарға заң талаптарын сақтау, белгіленген міндеттерді орындау және құқық бұзушылыққа жол бермеудің маңызы түсіндірілді.

Қайталама қылмыстың алдын алу тек бақылау жүргізумен шектелмейді. Азаматтың қоғамға қайта бейімделуі, оның құқықтық сауаты мен жауапкершілігін арттыру да маңызды. Сондықтан профилактикалық жұмыстар барысында әр адамның жағдайына назар аударып, құқықтық кеңес беру мен түсіндіру шараларына басымдық берілді.

Сонымен қатар жаңа оқу жылының басталуына байланысты пробация есебінде тұрған студенттер арасында да профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жастарға қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді.

Студенттерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және кез келген күмәнді әрекеттен аулақ болу жөнінде нақты ұсынымдар берілді. Жастардың құқықтық мәдениеті неғұрлым жоғары болған сайын, олардың заң бұзушылыққа бару қаупі де соғұрлым төмендейді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ғана емес, азаматтардың өз жауапкершілігін сезінуінің негізі. Әл-Фараби ауданында мұндай профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді. Оның басты мақсаты – қылмыс жасалғаннан кейін салдарымен күресу емес, құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін себептердің алдын алу. Қоғамдық қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет. Ал құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыру – осы міндетті жүзеге асырудың маңызды шарты.

Жолдағы тәртіпке бейжай қарамау керек
Школьную медицину Шымкента переводят в цифровой формат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу