Арыс қаласында мемлекеттік сатып алу рәсіміндегі бұзушылық анықталды
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан Түркістан облысының білім басқармасының Арыс қаласы білім бөліміне қарасты «Арыс қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық бақылау жүргізілді.
Бақылау барысында 2026 жылы мемлекеттік сатып алудың веб-порталына орналастырылған мемлекеттік сатып алу рәсімі зерделенді.
Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асыру кезінде біртекті жұмыстардың жылдық көлеміне қойылатын талаптардың сақталмағаны анықталды.
Атап айтқанда, тапсырыс беруші «Жергілікті жылу құбырларын/жылу желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары» бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған. Сонымен қатар, тапсырыс берушінің осыған ұқсас жұмыстарды мемлекеттік сатып алу рәсімі шеңберінде де сатып алғаны анықталды.
Нәтижесінде, біртекті жұмыстардың жылдық көлемі белгіленген шектен асып кеткеніне қарамастан, оларды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу жүзеге асырылған.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент тарапынан Арыс қаласының білім бөліміне тиісті хабарлама жолданып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін белгіленген талаптарға сәйкестендіру бойынша қажетті шаралар қабылдау талап етілді.
Камералдық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті қорғауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Түркістан облысы облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің
бас маманы Б.Мақашов


