Ақылды технология – жол қауіпсіздігіне қызмет етеді

Oinet.kz 14-09-2026

image.png

Шымкент қаласында цифрландыру үдерісін дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін түрлі салаларға енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Заманауи технологиялар бүгінде тек өндіріс пен қызмет көрсету саласында ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру ісінде де қолданылып келеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – мектеп оқушыларына жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін заманауи форматта түсіндіру. Профилактикалық іс-шара барысында ақылды дронның дауыс зорайтқышы арқылы балаларға жол қозғалысы талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Оқушыларға жолды тек белгіленген жерден кесіп өту, жаяу жүргіншілер жолағын пайдалану және бағдаршам белгілеріне мұқият болу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әуеден дыбыстық ескерту беретін заманауи құрылғы балалардың назарын бірден аударып, қауіпсіздік талаптарын қызықты әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік берді. Мұндай жаңа форматтағы тәсіл әсіресе мектеп жасындағы балалардың жол ережелерін жақсы есте сақтауына ықпал етеді.

Қазіргі цифрландыру кезеңінде ақылды технологиялардың мүмкіндігі кеңейіп келеді. Дрондар мен басқа да цифрлық құрылғылар қоғамдық тәртіпті бақылау, қауіптің алдын алу, көлік қозғалысын қадағалау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында қолданылуда. Ал жасанды интеллект технологиялары ақпаратты жылдам саралауға, қауіп-қатерлерді анықтауға және алдын алу жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты аясында осындай технологиялық шешімдерді қоғамдық өмірге енгізудің маңызы артып отыр. Жол қауіпсіздігіне арналған профилактикалық жұмыстарда ақылды дронды пайдалану – заманауи технологиялардың нақты мәселелерді шешуге бағытталған мүмкіндіктерінің бірі.

Жол қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Әсіресе балалардың жол қозғалысы ережелерін жастайынан меңгеруі – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды шарты. Сондықтан дәстүрлі түсіндіру жұмыстарын жаңа технологиялармен ұштастыру қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға тың серпін береді.

Кибералаяқтыққа қарсы құқықтық сауат күшейтілді
Жастарға заң талаптары түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу