Қаратауда құқық бұзушылықтың алдын алу күшейтілді

«Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейд барысында аудан аумағындағы ойын-сауық орталықтары мен жастар көп шоғырланатын орындар қамтылды. Негізгі назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол бермеуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға бағытталды.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылық жасалғаннан кейін шара қолдану емес, оның алдын алу. Әсіресе жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруі олардың түрлі құқық бұзушылықтарға тап болу немесе өздерінің заңсыз әрекеттерге араласу қаупін арттыратыны ескеріліп, рейд барысында осы бағытқа ерекше мән берілді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша барлығы 41 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 24 хаттама кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүруіне байланысты рәсімделсе, қалғаны өзге де құқық бұзушылықтар бойынша толтырылды.
Екінші күні рейд нәтижесінде 68 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 29-ы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз болуына қатысты болса, қалған хаттамалар өзге де құқық бұзушылықтар бойынша жасалды.
Осылайша, екі күндік рейд барысында жалпы 109 әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталған құқық бұзушылықтардың әрқайсысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
«Заң мен Тәртіп» қағидатының негізі – заң талаптарын сақтау және қоғам мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналар мен заңды өкілдердің де ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Рейдтік іс-шаралар құқық бұзушылықтың жолын кесумен қатар, ата-аналар мен кәсіпкерлік нысандардың жауапкершілігін арттыруға, жастар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай профилактикалық жұмыстар аудан аумағында қоғамдық тәртіпті нығайтып, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.


