Сақтықта қорлық жоқ

Фишинг, жалған қоңыраулар мен түрлі сылтаулар арқылы жасалатын интернет-алаяқтық азаматтардың жеке және қаржылық деректеріне қауіп төндіреді. Мамандар осындай қатерлерден қорғанудың қарапайым тәсілдерін түсіндіріп, цифрлық ортада жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды.
«Кибермәдениет айы» аясында Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында кибергигиена мен ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кезекті кездесу М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялық колледжінде өтіп, студенттер мен қызметкерлерге интернеттегі қауіптерден сақтану жолдары түсіндірілді.
Кездесу барысында Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, әлемде әр 39 секунд сайын кибершабуыл жасалады. Ал шабуылдардың 80 пайызы фишинг арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтар жалған сілтемелер мен хабарламалар жіберу арқылы азаматтардың жеке және қаржылық деректерін алуға тырысады.
Маман интернет қолданушыларына белгісіз сілтемелерге өтпеуді, күмәнді хабарламаларға жауап бермеуді және сайттардың мекенжайын мұқият тексеруді ұсынды.
Жиынға Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы жедел іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бақытжан Бекбаев қатысып, интернет-алаяқтыққа қатысты ахуалға тоқталды. Оның мәліметінше, жыл басынан бері қалада 363 іс тіркеліп, оның 155-і ашылған. Алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде интернет-алаяқтық фактілерінің азаюы байқалады.
Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтары көбіне азаматтарды алдау немесе қорқыту арқылы әрекет етеді. Олар өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді беруді немесе ақша аударуды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты банк картасының нөмірі, құпия сөздер, SMS-кодтар сияқты деректерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.
Іс-шара барысында кибергигиенаның негізгі талаптары да таныстырылды. Атап айтқанда, күрделі құпия сөздерді қолдану, әр аккаунтқа жеке құпия сөз орнату, екі факторлы аутентификацияны қосу, сондай-ақ күмәнді файлдар мен сілтемелерді ашпау ұсынылды.
Кибергигиена талаптарын сақтау әр адамның күнделікті өміріндегі маңызды әдеттердің біріне айналуы қажет.


