Университет студенттеріне Конституцияның маңызы түсіндірілді

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттермен құқықтық-танымдық кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, Конституцияның қоғам өміріндегі орнын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті нығайту.

Кездесуге Шымкент қаласы Әділет департаменті Әкімшілік бөлімінің басшысы Назира Муслимова мен университеттің аға оқытушысы Атахожа Исмаилов қатысты. Басқосу барысында конституциялық реформаның маңызы, құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидаттары, ел егемендігін нығайтудағы Конституцияның рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері талқыланды.

Назира Рүстемқызы өз сөзінде конституциялық өзгерістердің ұлттық құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызына тоқталды. Ол заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және жастардың заң талаптарын білуі мен сақтауына мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық сауаттылық адамның өз құқығын қорғауына ғана емес, қоғам алдындағы міндеттерін түсініп, жауапкершілікпен әрекет етуіне де ықпал етеді.

Жиын барысында студенттерге Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтаудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, заңға құрметпен қарау, өзгенің құқығын бұзбау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне назар аударылды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алды.

Кездесу Республика күні қарсаңында да ерекше мәнге ие болды. Қатысушыларды 25 қазан – Республика күнімен құттықтаған Назира Муслимова елімізге бейбітшілік пен тұрақтылық, жастарға білім жолында табыс тіледі. Сондай-ақ тәуелсіздік пен егемендікті нығайтуда жас ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымы маңызды екенін жеткізді.

Мұндай кездесулер жастардың заңға деген құрметін қалыптастырып, құқықтық мәселелерді дұрыс түсінуіне ықпал етеді. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидатының орнығуы әр азаматтың өз құқығын біліп, міндетін адал орындауынан басталады. Ал құқықтық сауаты жоғары, жауапкершілігі қалыптасқан жас ұрпақ – тұрақты әрі әділетті қоғамның тірегі.

Әл-Фараби ауданында бір айда 800-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Еңбекші ауданында 200-ге жуық тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу