Шымкентте екі сталкер қамауға алынды
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері әйелдерді жүйелі түрде қудалады деген күдікпен екі ер адамды ұстады.

Polisia.kz сайтының жазуынша екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрыннан таныс болған. Алғашқы оқиға қарым-қатынас үзілгеннен кейін тіркелген. Қала тұрғыны бұрынғы жігітіне қатысты полицияға арызданған. Әйелдің қарым-қатынасты тоқтатқанына қарамастан, ер адам түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарлама жолдауды жалғастырған, сондай-ақ оның үйіне және жұмыс орнына барған.
Жәбірленуші әлеуметтік желілерде оны бұғаттап, кездесуден қашқақтағанымен, қудалау тоқтамаған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, екінші жағдайда жүйелі қудалау күш қолданумен қатар жүрген. Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған дерек бойынша қудалау және дене жарақатын салу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті бұл іс бойынша да қамауға алынды.
Екі қылмыстық іс те бір тәулік ішінде сотқа жолданды. Полиция өкілдері мұндай құқықбұзушылықтар заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.


