Таразда мекеме басшысынан ақша бопсалаған блогерлер сотталды
Тараз қаласында блогер мен оның сыбайластарына қатысты бопсалау ісі бойынша сот үкімі шықты, деп жазады Оinet.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сократ лақап атымен танымал болған блогер Абай Жүндібаев «Тараз Арена» спорт кешені туралы жарияланған сын жазбаны өшіру үшін мекеме басшылығынан 2,5 миллион теңге талап еткен. Бұдан бөлек, ол бір қызметкерді жұмыстан шығарып, екіншісін қайта қабылдауды және спортзалға екі жылдық абонемент беруді сұраған.
Айыптау нұсқасы бойынша, Жүндібаев бұл іске тағы екі адамды тартқан. Олар ақшаны алып, блогерге қауіпсіз жолмен жеткізуі тиіс болған. Спорт кешенінің директоры Жанат Бабаев қойылған талаптармен келісіп, көрсетілген соманы төлеп, қосымша екі жылдық абонемент берген.
Сот отырысында Абай Жүндібаев өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрады. Ал оның екі сыбайласы кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды өтінді.
Іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 194-бабының 2-бөлігі («Қорқытып алу») бойынша қаралды. Аталған бапта мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Прокурор айыпталушыларды 4,5 жылға соттауды сұраған.
Судья үшеуін де кінәлі деп таныды. Абай Жүндібаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласына да үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.


