Баласы буллинг жасап, жазасын анасы тартты
Кәмелетке толмағандарға буллинг жасағаны үшін үш ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мойынқұм аудандық соты ӘҚБтК-нің 127-2-бабының 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу — буллинг, кибербуллинг) үш әкімшілік істі қарады.
Сот мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан айында Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылындағы орта мектептің үш оқушысы жүйелі түрде қатарластарын қорқытып, түрлі жұмыстарды орындату арқылы қысым көрсеткен. Олардың әрекеттері буллинг және кибербуллинг ретінде бағаланған.
Сот отырысында үш баланың ата-аналары кінәларын мойындап, кешірім сұраған және мұндай жағдайға жол бермейтіндерін айтқан.
Құқық бұзушылықтың сипаты, ата-аналардың жеке басы және жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, сот әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде (43 250 теңге) айыппұл тағайындады.
Қаулылар заңды күшіне енді.


