Тікелей эфирде қызды ұрып-соққан жігітке іс қозғалды
Әлеуметтік желіде қызды ұрып-соғу сәтін тікелей эфирде көрсеткен 21 жастағы атыраулыққа «Азаптау» бабы бойынша іс қозғалды. Күдікті сот шешімімен 30 тәулікке қамауға алынды, деп жазады Оinet.kz.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Азаптау») бойынша тергеу басталған.
21 жастағы күдіктінің жеке басы анықталған. Ол Әлішер есімді қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта іс аясында сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар 2026 жылғы 9 наурызда Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты күдіктіні Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орынға мас күйінде келу) бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 30 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін айтты. Сонымен қатар Конституцияның 77-бабы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін адам кінәсіз деп есептеледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Атырауда 21 жастағы жігіттің 19 жастағы қызды ұрып-соғып, пышақтағанын тікелей эфирде көрсеткені туралы ақпарат тараған болатын. Оқиға 8 наурыз күні таңертең болған. Күдікті шамамен таңғы 6:00-ден 11:00-ге дейін қызды пышақтап, ұрып-соғып, қорлаған. Болған жағдайдың бір бөлігін Instagram стористеріне және Telegram мессенджеріне жариялаған.
Зардап шеккен қыз денесі мен аяғындағы көптеген жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген.


