Атырауда пәтерінде 3,5 метрлік питон асыраған әйел жауапкершілікке тартылды

Oinet.kz 12-03-2026

Атырауда пәтерінде алып питон ұстаған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Іс Aтырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот мәліметінше, қала тұрғыны өз пәтерінде салмағы шамамен 30 келі, ұзындығы 3–3,5 метр болатын питонды арнайы рұқсат құжаттарынсыз үй жағдайында ұстаған.

Мұндай жабайы жануарларды заңды түрде иелену үшін CITES халықаралық талаптарына сәйкес тиісті құжаттар болуы тиіс. Алайда сотта анықталғандай, азаматша жыланды мұндай рұқсатсыз асыраған.

Осыған байланысты оған қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, сотта қаралды. Сот қаулысымен әйел әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Құқықбұзушылықтың сипаты мен құқықбұзушының жеке жағдайы ескеріліп, айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылып, 30 275 теңге болып белгіленді.

Сонымен қатар ұзындығы үш метрден асатын питон мемлекет пайдасына тәркіленді.

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тікелей эфирде қызды ұрып-соққан жігітке іс қозғалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу