Мәйітті сөмкеге салып, қоқысқа тастаған күдікті ұсталды
Ақтөбеде қанды қылмысын жасырғысы келген күдікті қамауға алынды. Полиция кісі өлтірді деген күдікпен қала тұрғынын дереу құрықтады, деп хабарлайды Оinet.kz.

Қаладағы №38 мектеп маңындағы қоқыс алаңынан тұрғындар күдікті қытайлық сөмкені байқаған. Кейін анықталғандай сөмкенің ішінен 55 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Мәйіт қоқыста бірнеше күн бойы жатып қалған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті күдіктінің анықталып, ұсталғанын хабарлады.
12 наурызда Ақтөбе қаласындағы аулалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды. Аталған факт бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жедел түрде жүргізіп, нәтижесінде кісі өлтірді деген күдікпен азамат анықталып, ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші арасында спирттік ішімдіктерді бірге ішу барысында жанжал туындап, оның барысында күдікті жәбірленушіге бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе олысының ПД баспасөз қызметі.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.


