Жантүршігерлік қылмыс: ағасын өлтіріп, баласын ұрлағандар сотталды
Алматы облысында аса ауыр қылмыстар бойынша айыпталғандарға сот үкімі шықты.

Өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азамат А., сондай-ақ кәмелетке толмағандар Е. мен К.-ның ісін қарады.
Іс материалдарына сәйкес, басты айыпталушы жәбірленушінің жеке өміріне заңсыз араласып, құпия мәліметтерді таратқан. Сонымен қатар оған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Бұдан өзге, ол жәбірленушінің туыстарының үйіне заңсыз кіріп, оларды өлтіремін деп қорқытқан.
Тергеу барысында А.-ның кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартқаны анықталды. Олардың қатысуымен жәбірленушінің ағасы өлтіріліп, кейін оның баласы ұрланған.
Сот барлық айып бойынша кінәні дәлелденді деп таныды.
Үкімге сәйкес, А. 25 жылға бас бостандығынан айырылып, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Ал Е. мен К. әрқайсысы 9 жылға сотталды.
Сондай-ақ моральдық зиянды өндіру туралы талап-арыздар қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.


