Қазақстанның бірнеше өңірінде ХҚКО қызметкерлері парамен ұсталды
Қазақстанның бірнеше өңірінде ХҚКО-ларға қатысты жемқорлық схемалары әшкереленді.

Астанада арнайы ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға көмектесіп, емтихандарды заңсыз түрде тапсыруға жағдай жасап отырған. Бұл қызметі үшін пара алған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 100 миллион теңгеден асатын сомаға байланысты 60-тан астам заңбұзушылық фактісі тіркелген.
Ұқсас заңсыз әрекеттер өзге өңірлерде де анықталған. Көкшетау мен Екібастұз қалаларында арнайы ХҚКО филиалдарының басшылары клиенттердің орнына басқа адамдарға емтихан тапсыртып, ол үшін ақша алған деген күдікке ілінді.
Сонымен қатар заңбұзушылықтар тек жүргізуші куәліктерімен шектелмеген. Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» филиалдарында да заңсыз баю фактілері анықталған. Қызметкерлер жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықты алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер әзірге жария етілмеді.


