ШҚО әкімінің орынбасары сотта өз кінәсін мойындады

Oinet.kz 20-03-2026

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қатысты резонансты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.

image.png

YK-news.kz жазуынша іс 19 наурыз күні Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Шенеунікке Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» және «Ірі мөлшерде пара алу» баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезеңіне қатысты. Айыптау нұсқасы бойынша, ол тұрғындардың біріне жергілікті кәсіпорынға көмек көрсету сылтауымен автокөлік беру туралы өтініш жасатқан. Нәтижесінде 2021 жылы шыққан Toyota Camry 75 маркалы көлік алынған.

Жәбірленуші көлікті әкімдікке жеткізіп, кілтін тапсырғанын, содан кейін оны қайта көрмегенін айтқан. Кейін автокөлік үшінші тұлға атына рәсімделіп, trade-in арқылы жаңа көлікке айырбасталған. Тергеу бұл әрекеттерден 13 миллион теңге көлемінде шығын келгенін анықтаған. Алайда сотта жәбірленуші шығын толық өтелгенін айтып, талап қоймайтынын жеткізді.

Екінші эпизод биылғы ақпан айына болған. Іс материалдарына қарағанда, шенеунік әкімдік қызметкерлерінің бірінен 20 миллион теңге сұраған. Айыпталушы бұл әрекетін талап емес, өтініш ретінде түсіндірді. Дегенмен тергеу мұны қамқорлық көрсету үшін пара алу ретінде бағалаған.

Аталған қызметкер заңсыздық болуы мүмкін деп күдіктеніп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы операция барысында ол күдіктімен кездесіп, ақшаны бөліп беру туралы келісім жасайды. Соның нәтижесінде үшінші тұлға арқылы 6 миллион теңге берілген.

Кейін шенеунік ұсталған кезде оның жұмыс орнынан және тұрғылықты жерінен жалпы сомасы 5,6 миллион теңге табылған.

Сот барысында Жақсылық Омар тағылған айыптарды толық мойындады. Қорғаушы тарап оны бас бостандығынан айырмай, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Адвокаттар бұл үшін қажетті қаражат дайын екенін айтып, сотқа 112 миллион теңге көлеміндегі шот үзіндісін ұсынды.

Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Алғашында облыс әкімдігі бұл мәліметті растамай, оның денсаулығына байланысты демалыста екенін хабарлаған. Алайда арада бір апта өтпей Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның ұсталғанын ресми түрде мәлімдеді.

Жақсылық Омар әр жылдары Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарып, кейін облыс әкімінің кеңесшісі болған. 2025 жылдың сәуір айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған.

Қазақстанның бірнеше өңірінде ХҚКО қызметкерлері парамен ұсталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу