Әлеуметтік төлемдерді заңсыз көбейткен бухгалтер сотталды
Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттен ірі көлемде қаржы жымқырған алаяқтық схема әшкереленді. Іс бойынша сот үкімі шықты.

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген. Нәтижесінде бухгалтердің әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Ведомство мәліметінше, күдікті өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерге арналған мемлекеттік жәрдемақыларды негізсіз көбейтудің жолдарын ұсынған. Ол Instagram арқылы өзін маман ретінде таныстырып, төлем көлемін арттыруға уәде берген.
Алаяқтықты жүзеге асыру үшін күдікті туыстары мен таныстарының атына бірнеше жеке кәсіпкер тіркеген. Алайда олар іс жүзінде ешқандай қызметпен айналыспаған.
Ол жалған кәсіпорындардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, еңбек шарттары және есеп құжаттарын қолдан жасап отырған. Соның нәтижесінде уәкілетті органдарға азаматтар ресми түрде жұмыс істейді деген жалған мәлімет ұсынылған.
Осы тәсіл арқылы жүкті әйелдерге заңды еңбек қатынастары бар деген негізбен әлеуметтік төлемдер жоғары мөлшерде тағайындалған.
Тергеу барысында кейбір жалған кәсіпкерлердің төлемдерді алғаннан кейін зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтарғаны анықталды.
Осының салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 146 миллион теңгені құрады.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған үш бөлмелі пәтер анықталып, оған тыйым салынды.
Сот үкімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, аталған пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді.


