Түлкісі қайсы, тазысы кім?

Oinet.kz 30-12-2008 1422

1515122092_article_b_1500_.jpeg

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа он қайтара соққы жарияланғалы бері Оңтүстік Қазақстанның қаржы полицейлері тіптен білек сыбанып, сыбайластықтың соңына шырақ алып түсті. Ойпырым-ай... Түйені түгімен жұтатындар Оңтүстікке үйіліп қалған ба, жоқ, әлде соңғы кездері «қаржы полициясы қажет пе, жоқ па?» деген суық сөз саналарында сілкініс тудырды ма, әйтеуір, Оңтүстіктің қаржы полициясы парақорларды «пәшкілеп» ұстай бастады. Қоржынында құрт тұрмайтын ауыл әкімі, жас маман, бас маман сықылды шабақтарды айтпағанда департаменттің бастықтары, бірқатар аудан, қала басшылары парақор, алаяқ болып шықты. Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті 1325 қылмыстық іс қозғапты. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың әрекетінен мемлекетке 20 миллиард теңгеден астам шығын келген. 

Қоғамды ішінен мүжіген сыбайлас жемқорлық бас-аяғы бірнеше жылда бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Елден именуді айтпағанда парақорлардың айласы жыл өткен сайын «жетіліп» келеді. Шымкенттегі қылмыстық атқару жүйесіне қарасты қоныс колониясының бір бастығы сотталған азаматты бостандыққа жіберу үшін қой сұраған. Буын бұрқыратып, майын шылқытып ет жеймін деген колония бастығының әдемі арманы іске аспай қалды. Бағлан қойды байлап әкетіп бара жатқан жерінен оны қаржы полицейлері қолға түсірді. Бірақ, адамнан айла артылған ба, сірә... Дәніккенін қойып, құныққан коррупционерлер енді жауаптан құтылудың жаңа амалына көше бастады. 

Өткен жылдың аяғында Оңтүстік Қазақстан облысының экономика  және бюджетті жоспарлау департаменті бастығының орынбасары Мамытбекова ірі мөлшерінде пара алып жатқан жерінен ұсталып еді. Іс сотқа жеткенде, не дейсің, әлгі шенеунік ханым парақор емес алаяқ болып, елдің есін адастырды. Сот процесі кезінде бұрын белгісіз болған бір жәйттер анықталыпты. Мәссаған, әлгі пара деп берген елу сегіз мың «баксының» басым бөлігі жалған ақша екен. Сот тендер мәселесі Мамытбекова ханымның құзыретіне кірмейді деп, бұл алаяқтық деген тұжырымға тоқтапты. 

Созақ ауданының бұрынғы әкімі Әлібек Бектаев аудандық салық бөлімінің қызметкерінен  пара алып тұрған жерінен қолға түсті. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан баспанаға қол жеткізу үшін әлгі қызметкер аудан әкіміне өтініш жазып барса, Созақтың бұрынғы басшысы ол тірліктің бес мың АҚШ долларынсыз бітпейтінін айтыпты. Пара алып тұрған жерінен оған қаржы полициясының қырандары кісен салған соң, парақор әкім Оңтүстікте болмаған жаңа айлаға басады. Жынданды ма… Жындағысы келді ме… Әйтеуір, кеше ғана ел басқарып басшы бұлтарып-ақ бақты. Бірақ  сот оның бұл айласын әшкере қылды. 

Жылдың басында, ақпан айында тосыннан келген топан судан үш ауданның халқы зардап шекті. Баспанасы суда қалған халыққа мемлекеттен 14 миллиард теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Бірақ… облыстық құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы Ахметжан Сәбденов сел жүрген аймақта құрылыс жүргізуге тендерді бір мердігер компаниясының пайдасына шешіп беру үшін 4 миллион теңге талап етіпті. Соның екі миллион теңгесін қызмет бөлмесінде  қолма-қол алып жатқан жерінде ұсталған соң осы оқиға жөнінде ел ішінде «бұл Сәбденовты арандату», «жергілікті билік басындағыларға көптен жақпай жүр еді, ақыры құртып тыныпты» деген алып-қашпа сөздер жүрді. Сәбденов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Қылмыстық жауапкершіліктен жалтарудың жайын айтып жатыр едік… соған қайта оралсақ. Соңғы кезде парамен ұсталған шенеуніктерді өтіп кеткен мерзіммен жұмыстан босату сәнге айналғандай. Ақпан айында жер телімін бөліп бергені үшін пара алып жатқан Жетісай қаласының әкімін тағы да сол қаржы полициясы құрықтады. Тағы бір ірі шенеунікті шап бердік деп шаттанған құзырлы қызмет өкілдері, артынан өздері таңырқасты. Өйткені Жетісайдың жемқор әкімі қылмыс жасардан бір күн бұрын жұмыстан босатылған болып шықты. Құжаттарды тексере келе, оның шындыққа жанаспайтыны анықталды. 

Міне, тазы боп шалған жалғанды түлкі боп алдағысы келетіндердің айласы осындай. 

"Рейтинг" газеті


Толқынай Қыдырбаева: «Үшемдердің үйі болғанмен күйі болмай тұр»
Кентау қаласының әкімі парамен ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу