Бөгенде агросекторды дамытуға барлық жағдай бар

Oinet.kz 18-07-2022 229

Screenshot_11.png

«Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер қызметіне осылай баға беретінін айтқан болатын. Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді шешу жолында жаңа міндеттер қойып, әсіресе, халықпен жақын болып, әлеуметтік желі арқылы олардың сұрақтарына жауап беруді міндеттеген еді. Яғни, халықпен жиі кездесуді ашықтық пен жариялылықты кеңінен насихаттап, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.

Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын. Осы ретте Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халықпен жиі жүздесіп, ондағы айтылған мәселелерді дер кезінде шешіп жүргенін айта кетейік. 

Жақында аудан басшысы ағымдағы жылдың 6 айының қортындысы бойынша Бөген ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. 

Кездесуде аудан басшысы ауылдағы ауыл шаруашылық, әлеуметтік, коммуналдық сала бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдастарға алдағы жоба-жоспарлармен таныстырды.

«Алты айда құны  39 миллион теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш алтыға артпақ. Ал, ауыл шаруашылығы саласында жылыжай көлеміні ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, 22 гектар аумаққа тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерін қолдануда. Мұнан бөлек, «Бір алқаптан екі өнім алу» жобасы бойынша 5 шаруа қожалық иелері 22 гектар жерге көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын егіп, бірінші өнімнен 610 тонна өнім алды», деді  аудан әкімі тұрғындармен кездесуде.

Еліміздегі жайылымдық жерлердің 40 пайызға жуығы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады. Ал қалған 60 пайызы бос жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жайылымдық жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығына ерекше назар аударып, үкімет құзырлы органдармен бірлесе отырып, жайылымдық жерлер мәселесін шешу әрі тиісті заң жобасын әзірлеу қажеттігін баса айтқан болатын.

Кездесу барысында Бағлан Дәнебекұлы Президент тапсырмасының өңірлерде орындалуы бойынша Бөгенде  игерілмей бос жатқан жерлерді ортақ жайылымға қайтару бойынша атқарылған іс-шараларды айтып өтті.

«Бөген ауыл округіне жалпы көлемі 948 гектар ортақ жайылым бекітіліп берілген. Осы жылы қосымша 680 гектар жайылымдық жерді аудандық қорға қайтарып, ортақ жайылымға бекіту жоспарланған. Қазіргі таңда ҚР Жер кодексінің 84-89 баптары негізінде аталған жайылымдық жерлерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару арқылы аудандық қорға қайтару жұмыстары жүргізілуде», деді аудан әкімі.

Биыл Бөгенде коммуналдық сала бойынша да атқарылған жұмыстар көп. Тарқатып айтар болсақ, ауылдың 15 көшесіне асфальт пен тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Алда Бөген ауылының (Б.Төлепұлы) ішкі көшелеріне орташа жөндеуге, Ақ алтын көшесіне жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары басталмақ. Б.Исабаев көшесіне жарықтандыру құралдарын орнатуға, ауыз су жүйесін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралған.

Бөген ауыл округін газбен қамту құрылысының 60 пайыз жұмыстары аяқталып, келер жылға толықтай іске қосылады деп жоспарлануда. Кемер ауылына газ тарту бойынша салалық басқармаға ұсыныс жолданған. 

Халықпен кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, мәселені халықпен кеңесіп, бірлесіп шешетіндігін жеткізді. Б.Кенжебаев жалпы орта мектебінде өткен кездесуден соң аудан басшысы Бөген су қоймасындағы ағын судың жағдайымен танысты.  Су шаруашылығы саласының басшыларына шаруаларды егістікке қажетті ағын сумен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды.

​Баспаналы болудың тиімді шарттары түсіндірілді
Жеңісте үй шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қатары артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу