Қошқар ата одан әрі көркейе түспек

Oinet.kz 01-12-2025 3

Шымкент қаласының дәл жүрегінде орналасқан Қошқар ата өзені – мегаполистің мәдени, тарихи және табиғи келбетін айқындайтын бірегей су айдыны. Бұл өзен Шымкенттің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты, әрі қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда Қошқар ата – қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны мен  туристер қызығушылығын тудырып отырған  нысан.

image.png

     Қазіргі таңда Қошқар ата өзені жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жоба шеңберінде өзеннің жалпы ұзындығы 3,535 шақырымды құрайтын бөлігін қалпына келтіру қарастырылып отыр. Бұл бағытта арнаның құрылымы қайта жасалып, табиғи су ағымын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Өзен табаны мен жағалауы қоқыстан тазартылады, жағалауды бекіту арқылы су шайылуының алдын алу көзделген.

      Абаттандыру жұмыстары тек экологиялық шаралармен шектелмейді. Өзен бойында заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы қозғалуына жағдай жасалуда. Сонымен бірге, өзен жағалауын толыққанды демалыс аймағына айналдыру үшін 139 орындық орнату, энергия үнемдейтін 360 шам қою жоспарланған. Бұл шамдар түнгі уақытта өзеннің айналасын жарықтандыру арқылы қала келбетін жақсартып, қауіпсіздікті күшейтеді.

Өзеннің екі жағын байланыстыратын 8 жаяу жүргінші көпірі салынуы да жобаның маңызды бөлігі. Қазіргі таңда соның үшеуі салынып бітті және тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сондай-ақ 70 жарық шамы орнатылып, инфрақұрылым біртіндеп толыққанды қалалық кеңістікке айналып келеді.

   Айта кетейік, қала әкімдігінің бастамасымен Қошқар ата өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру жобасы қолға алынған болатын. Бұл жобаның басты мақсаты – табиғи нысанды эрозиядан қорғау және қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады. Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және санитариялық тазалықты сақтау бағытында да нақты шаралар қабылданған. Қала қызметтеріне өзен жағалауындағы жасыл желекті сақтау, қоқысты уақтылы жинау және шығару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Қошқар ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ.  Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады. Қала басшылығы тұрғындарды өзен маңындағы тазалықты сақтауға, қоғамдық кеңістіктерге жанашырлықпен қарауға шақырады. Табиғи аумақты қорғау – әрбір шымкенттіктің ортақ жауапкершілігі.

     Қошқар ата өзінің бастауын дәл қаланың ортасындағы Қошқар ата бұлағынан алады. Ежелгі деректер бұл бұлақтың ғасырлар бойы тоқтаусыз ағып, өңір халқының тіршілік көзі болғанын айтады. Өз кезінде Шымкент қаласы осы өзен бойына қоныстанып, алғашқы елді мекендер дәл осы маңнан бастау алған.

     Қошқар ата – қасиетті мекен саналып, оның суы шипалы деп бағаланған. Тұрғындар мұнда арнайы келіп, бұлақ басында демалып, таза суынан ішкен. Сондықтан өзен тек табиғи ресурс қана емес, рухани орын ретінде де бағаланған.

      Қошқар ата өзені ерекше мәдени-тарихи маңызға ие, киелі мекен деп танылады. Себебі, өзен жағалауында Қошқар ата кесенесі орналасқан. 2010 жылы жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін алды. Жалпы Қошқар ата өзенінің ұзындығы 78 шақырымды құрайды.

     Бұл өзен Шымкенттің экологиялық өмірінде маңызды орын алады. Жасыл желекпен көмкерілген жағалау ауа сапасының жақсаруына үлес қосады, қаланың климаттық жағдайын жұмсартады. Сонымен қатар, өзен бойындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалалық экожүйенің маңызды бөлігі саналады.

      Қошқар ата өзені – Шымкенттің рухани, тарихи және табиғи байлығы. Ол – қаланың даму кезеңдерінен сыр шертетін, бүгінгі күні заманға сай абаттандырылған, тұрғындарға жайлы орта ұсынатын ерекше аймақ. Жаңарған жағалау, таза су, демалыс орындары – барлығы да Шымкенттің заманауи мегаполис ретінде өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Қошқар ата – өткен мен бүгінді байланыстырып тұрған, қаланың жарқын болашағына қызмет ететін құнды мұра.

«Біздің салт-дәстүріміз сөзден басталады»
Авиациялық парктің жаңаруы – шұғыл көмек сапасын арттыру жолы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу