Авиациялық парктің жаңаруы – шұғыл көмек сапасын арттыру жолы
Шымкент халықаралық әуежайында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне арналған көп мақсатты жаңа L-410 ұшағын қабылдау рәсімі өтті. Бұл – министрліктің жаңартылып жатқан әуе паркіндегі үшінші әуе кемесі. Заманауи авиациялық техника төтенше жағдайлар кезінде құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырып, жылдам әрекет ету мүмкіндігін кеңейтеді.

Салтанатты рәсімге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев, қалалық ТЖ департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев, «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Алпамыс Қамалов қатысты. Мәртебелі қонақтар авиациялық техниканың жаңартылуы құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерін күшейтуге, әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің жедел қызметтерінің мобильділігін арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге іс-шара барысында әуе кемесінің техникалық сипаттамалары таныстырылып, оның құтқару миссияларына бейімделу мүмкіндіктері көрсетілді. Ұшаққа алғашқы техникалық қызмет көрсету, экипажды даярлау, әрі қарай пайдалану ерекшеліктері жөнінде ақпарат берілді.
Жаңа әуе техникасының еліміздің үш мегаполисінің бірі әрі стратегиялық маңызды орталығы – Шымкентте орналастырылуының ерекше маңызы бар. Қалада маңызды инфрақұрылымдық және өндірістік нысандар шоғырланған.
Жаңа L-410 ұшағы 19 жолаушыға дейін немесе 1800 келіге дейін жүк тасымалдайды, дайындалмаған алаңдарға қона алады және –50-ден +50 °C-қа дейінгі температурада жұмыс істей алады. Осылайша шалғай аймақтар мен күрделі ауа райы кезінде қолдануға тиімді.
Бұл ұшақты, сонымен қатар, санитарлық авиацияда да қолдануға болады. Бортта ауыр науқастарды тасымалдауға арналған заманауи зембілдер мен жабдықтар орнатылған, қажет болған жағдайда қосымша медициналық техникамен жабдықтауға болады.
L-410 – шағын қашықтыққа ұшуға бейімделген, түрлі климаттық жағдайда тиімді жұмыс істейтін көп функционалды ұшақ. Оның басты артықшылықтарының бірі – қону алаңына жоғары талап қоймайтындығы. Бұл төтенше жағдайлар кезінде елдің кез келген нүктесіне жедел жетуге мүмкіндік береді. Жаңа ұшақ төмендегі міндеттерді орындауға бейімделген: әуе арқылы іздестіру-құтқару жұмыстары; жұқпалы аурулар немесе жарақат алған азаматтарды тасымалдау; табиғи апат аймақтарына гуманитарлық жүк жеткізу; апат қаупі төнген аумақтарды әуеден барлау және мониторинг жүргізу; орман өрттерін бақылау және алдын алу шаралары. Ұшақ заманауи навигациялық жүйелермен, байланыс құралдарымен және арнайы жабдықпен қамтылған. Бұл экипаждың күрделі жағдайларда да нақты әрі үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Үшінші ұшақтың жеткізілуі – ТЖ министрлігінің техникалық жаңару бағдарламасының бір бөлігі және Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржылай қолдауымен іске асырылды. Жақын уақытта тағы бір L-410 ұшағы жеткізіледі деп күтілуде, ал бұл, өз кезегінде, Қазақстанның құтқару авиациясының мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Министрліктің әуе күштерін жаңғырту бағытындағы бұл қадам – елдегі қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды бөлігі. Соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жиілеуі, өңірлердің географиялық кеңдігі жедел әрекет ету техникасының жоғары деңгейде болуын талап етеді.
Еліміздің үшінші мегаполисінде жаңа әуе кемесін қабылдау – өңірдің ТЖ қызметіндегі маңызын арттыра түсті. Шымкент қаласының географиялық орналасуы Оңтүстік Қазақстан мен оған іргелес облыстарда жедел әрекет ету жүйесін күшейтуге қолайлы жағдай жасайды. Бұл – өңірдің қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтуға қосылған маңызды үлес. Жаңа L-410 көп мақсатты әуе кемесінің қабылдануы – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Заманауи техниканың мүмкіндіктері қауіпті жағдайларда уақыт ұттырмай әрекет етуге, адам өмірін сақтап қалуға, құтқару миссияларының сапасын арттыруға ықпал етпек.


