Абай ауданы қыс маусымына дайын ба?
Шымкент қаласында биылғы жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары толыққанды жүргізіліп, коммуналдық қызметтердің дайындығы пысықталды. Қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы техника мен мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуге әзір. Қала әкімдігі жанынан қыс мезгіліндегі коммуналдық жұмысты үйлестіретін жедел штаб құрылған. Штаб тәулік бойы мониторинг жүргізіп, ауа райының күрт өзгеруіне қарай техниканың шығу кестесін реттейді. Инженерлік инфрақұрылым, магистралдық жолдар, көпірлер мен жаяу жүргінші өткелдері – ерекше бақылауда.

Бұл жұмыстар – тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын ұйымдастыру үшін аса маңызды. Қысқы маусым басталмас бұрын коммуналдық мекемелер техникалық паркін тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын аяқтауы қажет. Атап айтқанда: арнайы қар тазалау машиналары, грейдерлер, тракторлар, тұз себу механизмдері толық дайындаудан өтуі тиіс, сондай-ақ қажетті жанар-жағармай қоры, қосалқы бөлшектер мен техникалық сұйықтықтар жеткілікті мөлшерде дайын болуы және күндіз-түні қызмет көрсететін жедел бригадалар жасақталып, олардың кезекшілік кестесі бекітілуі керек.
Осы орайда Шымкент қаласының Абай ауданында алдағы қысқы маусымға дайындық жұмысы жалғасуда. Бүгін аудан аумағында қар тазалайтын және көктайғақтың алдын алуда пайдаланылатын арнайы техникалардың дайындығы тексерілді.
«Абай» коммуналды мемлекеттік мекемесінің базасындағы қар тазалау техникаларының дайындығы, инертті материалдардың (құм-тұз қоспасы) қоры, арнайы құрал-жабдықтар, тәулік бойғы кезекші топтардың жұмыс кестесі, жанар-жағармай қорын қамтамасыз ету сияқты мәселелер пысықталып, толық дайындық деңгейі анықталды.
Қыста аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын тұрақтылығын сақтау және коммуналды қызметтердің жұмысын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда аудан бойынша 45 жол машинасы, 15 трактор, 2 автогрейдер, 2 жүк тиегіш, 2 көпбейінді трактор, 55 қар тасығыш техника бар. Сонымен қатар 4200 тонна тұз, 9000 м³ шағал тас, 2250 м³ құм сияқты инертті материал қоры жинақталған.
Қар тазалау мен жол қауіпсіздігіне дайындық – қысқы маусымдағы ең жауапты әрі аса маңызды жұмыстардың бірі. Әсіресе Шымкент секілді ірі мегаполисте ауа райының өзгеруі тек көлік қозғалысының ғана емес, қаладағы барлық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді талап етеді. Қалың қар мен көктайғақ кезінде тұрғындардың қауіпсіз қатынауын сақтау, қоғамдық көліктің тоқтаусыз жүруі, жедел жәрдем, өрт сөндіру және коммуналдық қызметтердің дер кезінде жетуі – барлығы алдын ала жасалған дайындық пен кәсіби үйлесімділіктің нәтижесі. Сондықтан қыс келмей тұрып арнайы техникаларды жөндеу, құм-тұз қорын толықтыру, тәулік бойы жұмыс істейтін кезекші бригадаларды жасақтау – қала қызметтерінің басты міндеттерінің бірі.


